Бүлдіршіндерге қатысты зорлық-зомбылық жекеменшік балабақшаларда жиі болады – Сүлейменова
АСТАНА. KAZINFORM – Балаға қатысты зорлық-зомбылық белгілерін ең алдымен тәрбиешілер мен психологтар байқауы тиіс. Бұл туралы Құрылтайда өтіп жатқан «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын талқылауға арналған Үкімет сағатында депутат Айжан Наимбекова айтты.
- Мектеп жасына дейінгі балаларға зорлық-зомбылық көрсетілуі немесе оларға жат әрекеттер жасалуы мүмкін. Бірақ олар ересектердің мұндай әрекеттерін көбіне түсіне бермейді. Кейбір балалар не болып жатқанын айтып бере алмайды немесе жағдайдың дұрыс емес екенін мүлде аңғармайды. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл ретінде 11 жасынан бастап әкесінің зорлық-зомбылығына ұшыраған қыздың ісіне араластым. Ол мұндай әрекеттердің дұрыс емес екенін тек 15 жасында түсініп, бұл туралы жақынына айтты. Егер 11 жастағы бала басынан өткен жағдайды жеткізе алмаса, 3-4 жасар бүлдіршін үшін мұны түсіну одан да қиын, - деді ол.
Оның пайымынша, балаға қатысты зорлық-зомбылық белгілерін — мазасыздықты немесе эмоциялық жай-күйінің нашарлағанын ең алдымен тәрбиешілер мен психологтар байқауы тиіс.
- Тұжырымдаманың («Қазақстан балалары» тұжырымдамасы) іс-шаралар жоспарында балабақшалар мен мектепалды сыныптарда осындай жағдайларды анықтаудың бірыңғай құралдарын енгізу көзделген. Алайда оның нәтижесі тек әдістемелік ұсынымдар әзірлеумен шектелген. Аяқталу мерзімі - 2027 жылғы наурыз айы. Мәселені дер кезінде байқап, оған дұрыс әрекет етуге мүмкіндік беретін түсінікті тәсіл қажет. Осыған байланысты министрлік іс жүзінде қандай құрал қолданбақ? Бағалауды нақты кім және қаншалықты жиі жүргізеді? Ал бұл құрал тек ұсыным түрінде болса, оны барлық балабақшада, соның ішінде жекеменшік балабақшаларда міндетті түрде қолдану қалай қамтамасыз етіледі? - деп сұрады депутат Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан.
Министрдің айтуынша, 2024-2026 жылдары мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында зорлық-зомбылықтың 42 фактісі тіркелді. Олардың 37-сі жекеменшік балабақшаларда болған әрі 36-сын балабақша тәрбиешілері жасағандығы анықталды. Осыдан кейін Оқу-ағарту министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2026 жылдың маусымында ведомствоаралық іс-қимыл, тетігін бекітті. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне де арнайы нормалар енгізілді.
- Балаларға қатысты құқық бұзушылық болған және оған реакция берілмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Баланың денесінде жарақат, басқа дүниені білсе, онда тәрбиеші міндетті түрде басшысына айту керек. Балабақша басшылығы құқық қорғау органдарына жеткізуі қажет. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында бүлдіршіндерге мұндай мәселені қарастырмағаны үшін қазіргі таңда 71-ге жуық жеке тұлғаға айыппұл салынған, - деді ол.
Оның айтуынша, балабақша басшыларына да әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
- Бүгінгі таңда 135 балабақшаның басшысы жауапқа тартылғандығын атап өткім келеді. Енді психологиялық тұрғыдан тәрбиешілердің біліктілігін арттыру жұмысын күшейте береміз, - деді Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кетейік, соңғы 5 жылда балаларының алдындағы міндеттерін орындамайтын ата-аналар саны 6 есе көбейген.