Буллинг, жеңіл табыс: ведомствоаралық мобильді топ 26 оқу орнын аралады

АСТАНА. KAZINFORM – «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында елордалық прокуратура мен әкімдіктің бастамасымен қаладағы білім беру ұйымдарында 8–11 сынып оқушылары мен колледж студенттеріне арналған профилактикалық дәріс өтті.

тәртіп
Фото: Астана әкімдігі

Бір күн ішінде іс-шаралар астананың 13 мектебі мен 13 колледжінде ұйымдастырылып, 3 мыңнан астам бала мен жасөспірім қамтылды, деп жазды елорда әкімдігінің ресми сайты. Ауқымды профилактикалық жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.

Кездесулер барысында құқықтық сауаттылықты арттыру, зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, жасөспірімдер арасындағы топтық қақтығыстардың алдын алу мәселелері қаралды. Сондай-ақ құқыққа қарсы әрекеттер үшін жауапкершілік және «жеңіл табыс» деп аталатын әрекеттерге тартылудың салдары жан-жақты түсіндірілді.

студент
Фото: Астана әкімдігі

Құрамына прокуратура, ҰҚКД, ПД, Білім басқармасы қызметкерлері мен психологтар кірген ведомствоаралық мобильді топтар оқушыларға шынайы өмірде және интернет кеңістігінде қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын түсіндірді. Кездесулер барысында құқықбұзушылық, буллинг және кибербуллингтің салдары туралы тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.

Кездесу барысында Есіл ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Ерасыл Досан қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталатынын, ал кейбір аса ауыр қылмыстар үшін 14 жастан көзделетінін атап өтті. Оқушылар заңды сақтауға және әрбір әрекетіне саналы түрде қарауға шақырылды.

Айта кетейік, Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы, Байқоңыр ауданының әкімдігі, сондай-ақ Полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері «Алаш», «Шарын», «Әмір» және «Шанхай» базарларында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Соңғы жаңалықтар