Буллингке тосқауыл: жаңа оқу жылында қандай қосымша тетіктер енгізіледі

АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрлігі алдағы оқу жылында мектептегі буллингке қарсы әзірленген жаңа іс-шараларға қатысты түсінік берді. 

буллинг
Фото: Canva

— 2030 жылға дейінгі «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданып, балаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары бірыңғай жүйеге біріктірілді. Тұжырымдаманы іске асыру аясында 10 индикатор және 158 іс-шара қарастырылған. 1 қыркүйектен бастап 5–11-сыныптарда балалардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдыларын қалыптастыруға, қауіп-қатерді дұрыс бағалауға және өмірлік тұрақтылығын дамытуға бағытталған «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курсы енгізіледі, — делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар балалардың психологиялық жағдайын жүйелі бақылауға мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық мемлекеттік диагностикалық платформа енгізіледі. Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту аясында «Балалардың психологиялық әл-ауқаты» модулі іске қосылып, баланы үздіксіз сүйемелдеуге мүмкіндік береді.

Мұнымен қоса, 2026 жылы еліміздің барлық өңірінде Балалардың құқықтарын қорғау басқармалары құрылды. Олар балаға қатысты құқыққа қайшы деректерді ерте анықтау, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды сүйемелдеу және Психологиялық қолдау көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру жұмыстарын атқарады.

Атап айтқанда, білім беру ұйымдарында «Педагог-психолог сағатын» енгізу, оқушыларды психологиялық-педагогикалық диагностикалаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін іске қосу, сондай-ақ буллинг пен өзге де қауіп белгілерін анықтау үшін мектептердің бейнебақылау жүйелеріне жасанды интеллект технологияларын кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.

— Сонымен қатар 1 қыркүйектен бастап «Жеке қауіпсіздік» сабақтарының мазмұны жаңартылып, жаңа әдістемелік материалдар әзірленеді. Ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды «Адал азамат» бағдарламасының іс-шараларына толық қамту және профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдер үшін тәлімгерлік институтын дамыту көзделіп отыр. Негізгі басымдық — буллинг фактісі болғаннан кейін ғана әрекет ету емес, тәуекелді ерте анықтау, баланы уақтылы сүйемелдеу және мектептегі қауіпсіз ортаны жүйелі түрде қамтамасыз ету, — деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Айта кетейік, Алматы мектептерінде былтыр буллингке қатысты 600-ден астам хабарлама тіркелген.