Буллингпен күресеміз дегенше, балаларды ізгілікке шақыру керек – павлодарлық педагог
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодардағы дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия мұғалімі Назерке Семей буллингтің алдын алу бағытында өзіндік технологиясымен танылды. Педагог оқушыларды қайырымдылық, ізгілік қасиеттеріне тәрбиелеп, мейірімді азамат болып қалыптасуына айтарлықтай әсер етіп отыр.

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің ұстазы Назерке Семей – үлкен ізденіс үстінде жүрген жас маманның бірі. Биыл облыстағы сынып жетекшілері сайысына қатысып, республикалық додаға жолдама алыпты. Оның қазіргі қоғамды мазалап тұрған мәселе – буллингтің алдын алу мақсатындағы енгізген технологияларына облыстағы өзге мектептер назар аудара бастаған.

«Буллинг қоғамның дертіне айналып, айтқан сайын өрттей өршитін мәселе болып тұр. Балалардың бір-бірімен қарым-қатынасы, ата-аналарымен қарым-қатынасы, айналадағы ортаға, жануарларға деген көзқарасынан осы бір мәселе жиі байқалады. Күрескен сайын азаяр емес. Мифтік ескі наным бойынша атын тура айтуға тыйым салынған сөздер тіл білімінде «табу» деп аталатыны мәлім. Біздің ұжым буллингті осы табуға жатқызды. Оны атамауға тырысамыз. Буллингпен күресеміз дегенше, балаларды жақсылыққа шақыру, ізгілікке үйретуді мақсат еттік. Өзім жетекшілік ететін 7-сынып оқушылары күнде таңертең сабақ алдында «Жақсылық жасап жарысайықшы» әнін бірге орындайды. Одан соң қайырымдылық акцияларына жұмылдырып, олардың адамдарға сыйластығын, құрметін арттыратын түрлі әдіс-тәсілдер ойластырдым. Әрдайым жақсы істі көріп, мейірім мен құрметті санасына сіңірген бала оны өзге ортада қайталайтынына дау жоқ. Бір нәрсені істеме дегеннен гөрі жақсылықта алда болуға жетелеу, жөн сілтеу педагогикалық-психологиялық тұрғыдан дұрыс бағытта келе жатқанымызды білдіреді. Мұны сарапшы мамандарымыз да айтып отыр. Осындай шағын дүниелер арқылы балалардың келешекте ізгі, мейірімді азамат болып қалыптасуына өз үлесімізді қоссақ деген мақсатымыз бар», - дейді ол.
Назеркенің сөзінше, бүгінгі ұрпақ өте зейінді. Алайда мектепте ана тілінде білім алып, ал үйінде ата-анасымен орысша тіл қатысуға бейім кейбір балалардың психологиялық қысымда жүретінін мұғалімдер жиі байқайды. Осыдан жасөспірім қай жерде қазақша, қай жерде орыс тілінде сөйлесемін деп ойланып отырады. Үйдегі тәрбие бұрын егілетіндіктен, ондай балалардың ойы да орыс тілінде жетілетіні рас.

«Ата-анасының баламыз қазақша оқып, ана тілінде тәрбие алсын деген ой-мақсаты құптарлық. Өкінішке қарай, балаға түсетін қысымды, ауыртпалықты ересектер сезбейміз. Әр тілдің дыбыстық коды бар. Ол кодты алма-кезек ауыстыру адамның миына үлкен салмақ түсіреді. Қостілділік ұрпақ тәрбиесінде осындай мәселелер туындатып отыр. Сынып жетекшісі ретінде балалармен осы тұрғыда көп жұмыс істеуге тырысамын. Мұғалімдердің киген киімдері, таққан әшекейлері, жүріс-тұрыс мәнері балаларға әсер етеді. Әріптестеріміз күнделікті сабақта ұлттық нақыштағы қамзол киіп жүруге әдеттенген. Оқушылар да осыған бой үйретіп, қазір әр сынып қазақ оюларымен өрнектелген жеңсіз киімдерді киеді. Осыған әр ұстаз орнымен маңыз бере білуі тиіс», - деп ойын тарқатты жас маман.
Назерке Семей елімізге танымал эстрада жұлдыздары орындап жүрген көптеген әндердің сөзін жазған. Шығармашылыққа жақын әрі әдеби үрдістің бел ортасында жүреді.
Жалпы, уақыт көші ұзаған сайын ұлттық мектептердің жүгі де ауырлай түскен. Азаттықтың ақ таңымен қайта жаңғырып, заманның бар озық білімін жас өркеннің бойына егіп жатқан білім ұялары бүгінде өзгеше келбетке ие болды. Осы бір биік үдеден табылып отырған дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназияның ел аузында аты мақтаулы, беретін білім-тәрбиесі құнарлы. Білім ұясының басшысы Салтанат Шабажанова Назерке болашағынан зор үміт күттіретін ұстаздың бірі екенін айтып өтті.

«Сынып жетекшілеріне көп ауыртпалық түсетінін байқаймын. Әйтсе де, мектептің арқалаған миссиясына адалдық бізді әр қиындықтан жол тауып шығуға жетелейді. Мектептегі сынып жетекшілерінің арасында арнайы рейтинг жүргіземіз. Әлдебір мәселе шыға қалса, оны жасырып-жабу деген бізге жат дүние. Бірден шұғылданып, мәселені деріне жеткізіп шешкенше тыным таппаймыз», - дейді ол.
Құрылғанына 87 жыл толған гимназияда заманында еліміздің әдебиеті мен ғылымына танымал небір тұлғалар білім алды. Соның бірі – жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Абайдың жұмбағы» кітабы үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығын алған Рамазан Тоқтаров. Қаламгердің есімін мектеп ұжымы әлі күнге әс тұтады. Тағы бірі – Нобель сыйлығына ұсынылған әйгілі қазақ ғалымы, химия ғылымының докторы, академик Хабиболла Оспанов. Ол – химия-физика саласында әлемге белгілі төрт ғылыми жаңалықты ашқан жалғыз қазақ. Кеңес заманында ойлап тапқан 23 технологиясы өндіріске енгізілген. Оның 10-ы «өте құпия» саналыпты. Өмірінің соңғы жылдары да ғылымнан қол үзбей, сонау АҚШ-тан үш бірдей ғылыми патентке ие болды.
Қазіргі уақытта білім ұясы гуманитарлық бағыттағы гимназия ретінде қазақ балаларына тәлімді тәрбие, озық білім беріп келеді.
Еске сала кетейік, кадр тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтер тартыла бастады.