Бурабай тұрғынының иттерге атқан оғы әріптесіне тиді

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM — Бурабайда аяғынан оқ тиген ер адам ауруханаға жеткізілді.

мылтық, қару
Фото: Оhotaktiv.ru

Белгілі болғандай, Бурабайдағы кәсіпорындардың бірінің қызметкері қаңғыбас иттерге оқ атпақ болып, абайсызда әріптесінің аяғына тигізіп алған.

Ақмола облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, ер адам ауруханаға атыс қаруынан алған жарақатымен жеткізілген.

— Науқастың өмірі мен денсаулығына төніп тұрған қауіп жоқ. Жағдайы тұрақты, Бурабай аудандық ауруханасына жатқызылды, — делінген басқарма мәлімдемесінде.

Ал Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі адамның денсаулығына абайсызда ауыр зиян келтіру және жануарларға қатыгездік таныту фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ полицейлер қолданылған қаруды тексеруге алды.

Еске сала кетсек, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Жаңаөзенде дәрігердің өліміне қатысты іс бойынша пікір білдірді.

Соңғы жаңалықтар