Бурабайда «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өтті

АСТАНА. KAZINFORM - 9 шілдеде Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында шетелде тұратын қандас балаларға арналған ерекше шара – «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өтті. Маңызды жиынға әлемнің жеті елінен келген 288 бала қатысты.

Бурабайда «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өтті
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Бұл шара, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен, Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өтіп отыр.

Құрылтайдың негізгі мақсаты – шетелдегі қазақ балаларының тарихи Отанына деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерді тереңірек тануына мүмкіндік жасау. Жоба аясында қатысушылар ұлттық-мәдени бағдарлама негізінде арнайы дайындалған танымдық және тәрбиелік іс-шараларға белсене қатысты.

Бурабайда «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өтті
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

- Бүгін біз үшін ұлыстың ұлы күні, себебі 300-ге жуық қазақ баласы әлемнің түкпір-түкпірінен қасиетті Бурабай жерінде бас қосып жатыр. Қазақ өзі көп емес халық. Бұл жоба - ерекше жоба, келешектің жобасы. Балалардың басын қосып, ынтымақты етіп, келешекте егеменді Қазақстанды дамыту үшін, еліміздің жеріміздің тұтастығын нығайту үшін, қазіргі ең негізгі мәселе жастарды тәрбиелеп, жастарға тілімізді, дінімізді дәстүрімізді әрі қарай жалғастырып, мәңгілік ел болуға үлес қосу, - дейді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков.

  Бурабайда «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өтті
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Шараға жолдама алған балалар өнер, білім, спорт бағыты бойынша іріктелген деген кіл мықтылар.

- Өтініш білдірген қандастардың арасынан түрлі салада жетістікке жеткен, жүлдегер және дарынды балалар іріктелді. Шараның басты мақсаты – шетелдегі қазақ балаларының Атажұртымен байланысын нығайту. Қазақтың тілі мен дәстүрін тереңірек танып, өз тамырын сезінуге жол ашу. Бұл олардың болашақта Отанына оралып, елдің дамуына үлес қосуына үлкен мүмкіндік береді, – деді Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы.

  Бурабайда «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өтті
Фото: Ризабек Нүсіпбекұлы

Құрылтайда ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, балаларға бизнес, заманауи кәсіптер мен әлеуметтік желінің мүмкіндіктері туралы маңызды дәрістер оқылды. Сондай-ақ, биылғы бағдарламада этномузыкалық сабақтар, ұлттық аспаптармен танысу, музейлерге бару және тарихи жәдігерлерді зерттеу секілді бағыттар қамтылды.

Осыған дейін Бурабайда шетелде тұратын қазақ балаларына арналған этнолагерь ашылғаны туралы жаздық.

 

 

Соңғы жаңалықтар