Бурабайда төбелескендердің әкімдік қызметкерлері екені расталмады
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Бурабайдағы дәмханалардың бірінде төбелескендердің әкімдік қызметкерлері екені расталмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Полицейлердің мәліметі бойынша, 7 қарашада Бурабай аудандық ІІБ жергілікті қонақүй кешендерінің бірінің әкімшісі арызданып, келушілердің 500 мың теңге көлемінде шығын келтіргенін айтқан.
«Осыған байланысты полицейлер ҚР ҚК 202 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын қолға алды. Тергеу барысында анықталғандай, 6 қараша күні аталған қонақүй кешеніне келуші 1972 және1974 жылғы екі ер адамның арасында төбелес шыққан. Екеуі де еш жерде жұмыс істемейтін Бурабай ауданының тұрғындары болып шықты. Қазіргі кезде, олардан түсініктеме алынып, қонақүй кешеніне келтірілген шығын толық өтелді. Тараптардың бір-біріне уәжі жоқ.
Сол себепті, осыған дейін БАҚ-да жарияланғандай, аталған төбелеске «Бурабай ауданы әкімінің аппараты» ММ-нің қызметкерлерінің қатысы бар деген ақпарат шындыққа жанаспайды», деп көрсетілген хабарламада.