Бурабайда жылы жаққа ұша алмай қалған бірқазан құтқарылды

АСТАНА. KAZINFORM – «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағында қанаты қақпай әлсіреп қалған бірқазан құтқарылды

Бірқазан
Фото: «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы

15 қарашада «Бурабай» орман питомнигінің қызметкері Дмитрий Фатеус Приозерный орманының 124-ші аумағында әлсіреген бірқазанды тауып, орман шаруашылығы инспекторларына тапсырды. Құс жылы жаққа ұша алмаған. 

«Құтқарылған бірқазан Бурабай курортының хайуанаттар бағына жеткізіліп, ветеринар тексерді. Құс сау, жарақат алмаған. Белгілі болғандай, биылғы балапан ұшуға тым жас. Бірқазанның қауырсындары қатаймаған, алыс жолға төтеп бере алмайды», - делінген желідегі жазбада. 

Қазір құтқарылған құс оңалу үшін қысқы қоршауда қамқорға алынды. Бірқазан көктемге дейін мамандардың бақылауында болады, қанаты қатайған соң өз ортасына жіберіледі. 

Айта кетсек, орманшылар күні қарсаңында Бурабай ұлттық паркінің мамандары қалай жұмыс істейтіні туралы жазған едік

Еске сала кетсек, 15 жылда алғаш рет «Бурабай» ұлттық паркінде бірде-бір өрт фактісі тіркелмеген.

Соңғы жаңалықтар