Бурабайдағы заңсыз жер телімдеріне қатысты қандай шешім қабылданды — прокуратура жауабы

АСТАНА. KAZINFORM — Бурабай ауданының әкімдігі мен мәслихаты елді мекендердің шекарасын кеңейту туралы шешім қабылдап, Бурабай кенті, Щучинск қаласы және Бурабай ауданының әкімдері Ұлттық парк аумағынан жер телімдерін бөлген. Бұл туралы Kazinform сауалына орай Ақмола облыстық прокуратурасы мәлім етті.

Бурабай
Фото: «Бурабай» МҰТП баспасөз қызметі

«Жер кодексінің 122-бабына және «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңның 22-бабына сәйкес, ерекше жағдайларды қоспағанда (тек Үкіметтің шешімімен), ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерін беруге немесе тәркілеуге тыйым салынған. Тексеріс 2000 жылдан 2023 жылға дейін Бурабай ауданының әкімдігі мен мәслихаты елді мекендердің шекарасын кеңейту туралы шешім қабылдап, Бурабай кентінің, Щучинск қаласының және Бурабай ауданының жергілікті әкімдері Ұлттық парк аумағынан жер телімдерін бергенін анықтады. Заңсыз қабылданған шешімдердің күші облыс прокуратурасының қадағалау актілері бойынша жойылды, өйткені жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қорынан шығару — Үкіметтің айрықша құзыреті», — делінген облыстық прокуратураның жауабында.

Облыс прокурорының орынбасары Марат Бақтыбекұлының айтуынша, қазір уәкілетті мемлекеттік органдар Ұлттық парк шекарасын нақтылап жатыр. 

«Сонымен бірге, Ұлттық парк құрылғанға дейін (2000 жыл) және заңды түрде берілген жерлерге, атап айтқанда қолданыстағы жеке тұрғын үйге бөлінген жер учаскелеріне қатысты шаралар қазіргі таңда қабылданбайды. Заңсыз берілген жерлерді қайтару жұмыстары Жер ресурстарын басқару департаментінің сотқа талап арыздары негізінде жүргізілуде. Қазіргі уақытта заңсыз берілген жер телімдерінің көлемі нақтылануда. Тексеріс нәтижесі бойынша Ұлттық парк аумағынан заңсыз жер телімдерін берген адамдарға қатысты шаралар қабылданады», — делінген оның жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облыстық прокуроры Руфат Құттықов «Бурабай» МҰТП аумағындағы жергілікті халық бұрыннан тұратын жер телімдері қайтарып алынбайтынын хабарлаған болатын. 

«Қарапайым тұрғындар 98-жылдан, 2000-жылдан бері тұрып жатқан нысандарды біз сүріп тастамайтынымызды, қандай да бір талап қоймайтынымызды атап өткім келеді», — деген болатын Руфат Құттықов.

Соңғы жаңалықтар