Бұрын кәдеге аспаған қой жүні енді құрылыс материалына айналды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда бұрын толыққанды кәдеге аспай келген қой жүнінің қолданыс аясы кеңейіп келеді. Бүгінде одан үйлерге арналған жылу және дыбыс оқшаулағыш материалдар, өнеркәсіпке қажетті техникалық киіз өндіріліп, тіпті ағаш отырғызу кезінде де пайдаланылып жатыр.
Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстандағы қой жүнінің 85%-ға жуығы өңделмей, кәдеге жаратылатын. Қазір қой жүнін өнеркәсіптік деңгейде өңдеу Ақтөбеде қолға алынған. Мұнда 100% табиғи қой жүнінен тоқыма емес материалдар шығаратын Орталық Азиядағы алғашқы әрі жалғыз KazFelTec кәсіпорны жұмыс істейді.
Зауытқа шикізат негізінен Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлеріндегі шаруа қожалықтарынан жеткізіледі. Кәсіпорын жылына 3 600 тоннаға дейін жүн өңдеп, 2 100 тоннаға дейін дайын өнім шығаруға қауқарлы. Өндірісте 50-ден астам жұмыс орны ашылған.
Қазақстандық жүн италиялық Cormatex S.r.l. компаниясының жабдығында Airlay технологиясы бойынша өңделеді. Дайын өнім NomadTherm брендімен шығарылады.
Өндірістің негізгі бағыттарының бірі – NomadTherm Panel. Бұл қабырға қаптамалары, шатыр мен еденге арналған жылу және дыбыс оқшаулағыш панельдер. Сондай-ақ олар СИП және сэндвич-панельдердің толтырғышы ретінде қолданылады.
Материал −50 °C-тан +200 °C-қа дейінгі температурада өз қасиетін сақтайды және құрылым ішінде ылғал жинамайды. Сондай-ақ баяу тұтанатын әрі өздігінен сөнетін материалдар санатына жатады.
Өндірістің екінші бағыты – NomadTherm Felt техникалық киізі. Ол өнеркәсіптік тығыздағыштарда, жабдықтардың дірілін оқшаулауда және сүзгілеуде қолданылады. Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіпте арнайы киім, аяқ киім мен түрлі аксессуарлар жасауда және ауыл шаруашылығында пайдаланылады.
Киіздің дәстүрлі қолданысы да сақталған. Оны киіз үйлерді жылы ұстау және әрлеу үшін қолданады.
Бұдан бөлек, киіз қаланы көгалдандыруда да кәдеге жарап отыр. Компания экологтармен бірлесіп, ағаш отырғызу кезінде оны топырақ бетін жабатын материал ретінде қолданады. Киіз топырақтағы ылғалды сақтап, көшеттердің жерсінуіне көмектеседі.
– Қазақ халқы үшін киіз – тарихымыз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналған, жақсы таныс материал. Біздің міндетіміз – заманауи технологиялардың арқасында оның қолданылу аясы мүлде жаңа бағыттарға жол ашқанын көрсету. Бүгінде киіз құрылыстан бастап өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығы мен қалаларды көгалдандыруға дейін қолданылып келеді. Қазақстанда табиғи әрі экологиялық таза материалдарға деген қызығушылық алдағы уақытта арта түсетініне сенімдіміз, – деді «KazFelTec» ЖШС директоры Ерлан Жаңабергенов.
Кәсіпорындағы экологиялық тәсіл тек табиғи шикізатты пайдаланумен шектелмейді. Технологиялық үдерісте қолданылатын судың 94%-ы тазартылып, қайтадан өндірістік айналымға жіберіледі.
Материалдардың құрамында улы шайырлар мен синтетикалық байланыстырғыштар жоқ. Монтаждау кезінде шаң шығармайды және теріні тітіркендірмейді. Ұшпа органикалық қосылыстар (VOC) эмиссиясының деңгейі 10 мкг/м³-ден аспайды. Бұл материалдарды тұрғын үйлер мен балаларға арналған үй-жайларда қолдануға мүмкіндік береді.
Кәсіпорынның келесі мақсаты – халықаралық нарыққа шығу. Қазір KazFelTec Швейцария мен Еуропалық одақ елдеріндегі әлеуетті серіктестермен келіссөздер жүргізіп, өнімді қажетті сертификаттау рәсімдерінен өткізуге дайындап жатыр.
Бүгінде өнімнің ҚР сәйкестік декларациясы (ҚР ТР №435), ЕАЭО декларациясы (КО ТР 017/2011) және РФ сәйкестік сертификаты бар. Сонымен қатар өнім міндетті зертханалық сынақтардан өтеді. Жаңа нарықтарға шыққан сайын компания сертификаттар аясын кеңейтуді жалғастырады.
Осылайша, күні кешеге дейін ел ішінде толыққанды кәдеге аспай келген қой жүні бүгінде құрылыс пен өнеркәсіптен бастап ауыл шаруашылығы мен қаланы көгалдандыруға дейінгі бірнеше салаға қажет өнімнің шикізатына айналып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін тері мен жүн өңдейтін 8 инвестициялық жоба іске асырылатыны хабарланды.