Бұрынғы әйелін емханада өлтірген атыраулық 15 жылға сотталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау соты бұрынғы әйелін емханада пышақтап өлтірген күдіктіге сот үкімін шығарды. Күдікті Жылыой ауданында тұрған.

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы әйелін өлтірген күдікті С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Күдіктіге Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 9,15)-тармақтары бойынша (Адам өлтіру, яғни бұзақылық ниетпен, төтенше жағдай кезінде басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату) айып тағылған.
Сот материалына сүйенсек, 2025 жылғы 27 наурызда жәбірленуші Қ. өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында заңды түрде ажырасқан бұрынғы жұбайы сотталушы С.-мен хат алмасқан. Хат алмасу кезінде сотталушы С. мен жәбірленуші Қ.-ның арасында өзара сөзге келіспеушілік туындаған.
— Сол кезде С. жәбірленуші Қ.-ға ашуланып, маңызы шамалы себепті пайдаланып, оны өлтіру пиғылы пайда болған. Қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін С. жиналмалы пышақты қалтасына салып, жәбірленушінің жұмыс орнына келіп, оның қызметтік бөлмесіне кірген. Қызметтік бөлмеде Қ.-ның әріптесі болған. С. соған қарамастан, орындықта отырған жәбірленушіні басынан қолымен ұрып-соққан. Қ.-ның әріптесі оларға араша түскен сәтте, сотталушы С. жиналмалы пышақты қалтасынан шығарған. Жәбірленуші Қ.-ның әріптесі көмекке адамдарды шақыру үшін бөлмеден қашып шыққан. Сол кезде С. пышақпен Қ.-ның мойнының сол жақ жоғарғы бөлігінің артқы тұсына бір рет, сол жақ көкірек қуысына бір рет соққы жасап, оқиға болған жерден кетіп қалған, — деп хабарлады соттан.
С.-ның әрекеті салдарынан жәбірленуші Қ. ауыр дене жарақатын алған. Жәбірленуші есін жимастан оқиға орнында көз жұмған. Сотталушы С.-ның кінәсі сотталушының, куәлардың жауаптарымен, сараптама қорытындыларымен, оқиға болған жерді қарау хаттамасымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденген.
Прокурор сотталушыны тағылған айып бойынша кінәлі деп тануды, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынған. Ал жәбірленуші тарап сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Алайда сотталушы С. кінәсін ішінара мойындаған. Қорғау тарапы сотталушының іс-әрекетін Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі бойынша (Адам өлтіру) дәрежелеуді сұраған.
Сотталушының кінәсін ішінара мойындап, шын ниетпен өкінгенін жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
— Сот үкімімен сотталушы С. Қылмыстық кодексінің 99-бабының 2-бөлігінің 9-тармағымен кінәлі деп танылды. Оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленуші тараптың пайдасына моральдық залал өндірілді, — деп мәлім етті соттан.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетелік, бұған дейін Құлсарыда бұрынғы әйелін жұмыс орнында өлтірген күдікті ұсталғанын жазған едік.