Бұрынғы Еуропарламент депутаты сыбайлас жемқорлық дауына ілікті

АСТАНА. KAZINFORM – Бельгияның бұрынғы саяси қайраткері, социал-демократтар (S&D) фракциясының өкілі Мария Арена Бельгияның тергеу сотында жауап берді.

 Мария Арена
Фото: instagram.com/mariearenaps

Бұдан екі жыл алдын Еуропарламент депутаттары арасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты жанжал туындаған болатын. Politico басылымы Мария Аренаға сол қылмыстық ұйымға қатысты бар деген айып тағылғанын мәлімдеді.

Еуропарламенттің бірнеше депутаты мен шенеуніктеріне «ақша мен бағалы сыйлықтарға айырбас ретінде Таяу Шығыстың бірнеше еліне Еуропарламентте саяси жеңілдіктер жасады» деген айып тағылған.

Осы іс аясында Бельгия полициясы Еуропа астанасын дүр сілкіндірген бірнеше тінту мен қамауға алу шараларын жүргізді.

Тінту кезінде компьютерлер, ұялы телефондар мен 600 мың еуро тәркіленген. Бельгия билігі төрт күдіктіні анықтап, оларды қамауға алуға ордер берген.

– Оларға қылмыстық ұйымға қатысы бар, ақшаны жылыстату және сыбайлас жемқорлықпен айналысты деген айып тағылып отыр, – деп хабарлады прокуратура.

ЕП вице-президенті Ева Кайлиден басқа, оның парламенттік кеңесшісі Франческо Джорджи, социалистік фракциядан Еуропалық парламенттің италиялық экс-депутаты Пьер Антонио Панцери және аты аталмаған тағы бір Брюссельдік лоббист қамауға алынған. Тағы екі тұтқын - Кайлидің әкесі мен Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының бас хатшысы Лука Висентини босатылған.

Өткен бейсенбіде Мария Арена тергеу судьясы алдында жауап берді, себебі полиция оны күдікті деп таныған. Алайда оның 2022 жылдың желтоқсанында болған саяси жанжалға қатысы бар-жоғы әлі анықталған жоқ.

Бельгиялық социалистік саясаткер Еуропарламенттің адам құқықтары жөніндегі кіші комитетінің (DROI) төрағасы және социалистер мен демократтар фракциясының жетекшісі болған.

Мария Арена 2023 жылдың қаңтарында адам құқықтары жөніндегі комитеттің төрайымы қызметінде жүрген сәтте БАҚ оның шетел мемлекеттерінің біріне сапарын декларацияламағанын анықтаған, содан соң ол отставкаға кетті.

Мария 2024 жылғы Еуропарламент сайлауына дейін Еуропарламент депутаты болды, кейін кандидат ретінде қайта тіркелген жоқ.

Бельгия билігінің тергеуі әлі сотқа жеткен жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі Имран Хан 14 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған едік. Оған әйелі екеуі жер телімдерін сыйға алды деген айып тағылған.

Соңғы жаңалықтар