Бұрынғы судья Қарлығаш Тәткееваға іздеу жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Жоғарғы сот төрағасының азаматтық істер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған бұрынғы судьяға іздеу жарияланды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі құқықтық статистика мәліметтеріне сілтеме жасап.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының ресми порталында жарияланған іздеуде жүргендер туралы мәліметке сәйкес, Қарлығаш Тәткееваға 2025 жылдың 20 маусымынан бері іздеу салынды.
Іздестіру шараларына сот бастамашы болып, іспен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті айналысып отыр.
Тәткеева бұған дейін бірнеше инстанцияда судьялық қызмет атқарған. Атап айтқанда, ол Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болды, сонымен қатар Астана қалалық сотында жұмыс істеді.
Іздеу салу себептері ресми түрде нақтыланған жоқ.
Бұған дейін экс-судья Светлана Жолмановаға қатысты іс бойынша прокурор айыптау актісін оқығанын жазған болатынбыз.