Бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановқа қатысты сот тергеуі аяқталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзованың үстінен қозғалған істі қарауды аяқтады. Сот отырысында тергеудің аяқталғанын судья хабарлады. Сот жарыссөздері 2 мамыр күні түстен кейін басталады.

Ерлан Қожағапанов
Фото: primeminister.kz

— Сот тергеудің аяқталғанын жариялайды, енді сот жарыссөздеріне көшеміз, — деді судья.
Бүгінгі отырыста Ерлан Қожағапанов пен Ләззат Көккөзованың адвокаттары бірнеше өтініш білдірді. Атап айтқанда, бұрынғы вице-министрдің қорғаушылары бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді сұрады. Алайда сот ол өтінішті қанағаттандырмады.
Сондай-ақ аталған іс бойынша айыпталушы Ләззат Көккөзованың қорғаушылары 2018 жылы Қазақстан мен Ресей форумын ұйымдастыру мен өткізуге жұмсалған шығындар туралы елордалық бағалаушылар палатасының маман есебін дәлел ретінде жарамсыз деп тануды талап етті.

Еске салсақ, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады. 

Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған.

Биыл наурыздың соңында Антикор аталған іс бойынша тергеу амалдары аяқталғанын хабарлады. Сондай-ақ сот қорғаушы және айыптаушы тараптың өтінішін қарастырғаннан кейін қылмыстық іс бойынша елордалық бағалаушылар палатасының маманын тарту туралы қаулы шығарды. 

Кезекті сот барысында мамандар 2018 жылдағы форумды ұйымдастыру және өткізу үшін ұсынылған тауарлар мен қызметтердің нарықтық құнын бағалайтыны айтылды

Кейін Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша 2018 жылғы форумға жұмсалған шығынды тексеретін бағалаушы тағайындалды

Сондай-ақ сот отырысында бұрынғы вице-министрдің адвокаты қылмыстық істі тоқтатуды сұраған еді. 

Соңғы жаңалықтар