«Бүркіт» әуе компаниясының Түркияға көмекке барған ұшқыштары марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін «Бүркіт» әуе компаниясының Түркияға құтқарушылар мен гуманитарлық жүк жеткізген ұшқыштары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүркіт» әуе компаниясының қызметкерлері Түркияда болған жер сілкінісі салдарын жоюға белсене қатысып, гуманитарлық жүкті, Төтенше жағдайлар министрлігінің іздеу-құтқару топтары мен техникаларын жеткізді», - деді Сергей Хорошун.

Президент Іс басқарушысының орынбасары Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, Ил-76 ұшағының штурман-нұсқаушысы Нұржан Оспанқұлов пен штурман Николай Гудеевке «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады.

Сонымен қатар әуе компаниясының тағы 15 қызметкері Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.













«ИЛ-76 ұшағының командирі мен экипажы мемлекетіміздің, Президентіміздің қойған мақсат-міндеттерін, тапсырмаларын толықтай орындады. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары мен арнаулы техникаларын, гуманитарлық жүктерді түрік мемлекетіне уақытылы жеткіздік. ИЛ-76 ұшағының экипажы Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындауға әр уақытта дайын», - деді ИЛ-76 ұшағының бортоператор-нұсқаушысы Талғат Мұратов.

Ал Ил-76 ұшағының штурманы Николай Гудеев Түркияға 5 рейс орындағанын айтады.«Экипаж жедел арада жасақталды. Жалпы 5 рет ұштық. Үкіметімізге үлкен рақметімізді айтамыз. Бәрі жедел түрде ұйымдастырылды», - деді Николай Гудеев.

Айта кетейік, Н.Оспанқұлов пен Н.Гудеев «Бүркіт» әуе компаниясында 2004 жылдан бері еңбек етеді.Тәжірибелі мамандар өздерінің кәсіби біліктілігімен, жауаптылығымен, адами қасиеттерімен басқа әріптестеріне үлгі болып жүр.
