«Бүркіт» арнайы жасағы: әскери киімі, дайындығы және қару-жарағы
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық ұланы сарбаздары қандай жағдайда әскери борышын өтеп жатыр? «Бүркіт» арнайы жасағының жауынгерлері қалай жаттығады? Олар қандай қару ұстап, қандай киім киіп, қандай көлік мінеді? Қала берді, қандай ас ішеді? Астанадағы 5573 әскери бөлімінде БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен пресс-турда осы сұрақтарға жауап берілді.

Биыл ҚР Ұлттық ұланы «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің құрылғанына 25 жыл толып жатыр. Бұл пресс-тур да осы бір айтулы датаға орай ұйымдастырылған.

Ұлттық ұлан ҚР ішкi iстер органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi. Басты міндеті — қоғам мен мемлекеттiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, ел азаматтарының құқығы мен бостандығын қорғау.

БАҚ өкілдеріне әуелі 5573 әскери бөлімінің орналасқан аумағы макет арқылы таныстырылды. Әскери бөлімнің аумағы кең, тұтас 21 гектар жерді алып жатыр және үш бөліктен тұрады. Бірінде әскерилердің казармасы орналасса, екіншісі тыл аумағы аталады. Үшіншісінде әскери қоймалар, арнайы техникалардың тұрақжайы, жаттығу алаңдары бар.

Әскери казарма іші тап-таза, тап-тұйнақтай. Төсектердің қыры шығып тұр. Осындайда қазақтың «қыздың жиған жүгіндей» дейтін тіркесі ойға оралады. Алайда, бұл жерде Ұлттық ұлан сапында мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген сарбаздар тұратынын, олар өз жатын орнын өздері жинайтынын түсініп тұрмыз.

Жауынгерлік дайындық
БАҚ өкілдерін қарсы алып, айналаны тынбай таныстырып келе жатқан — 5573 әскери бөлімінің командирі, генерал Аян Есжанов мырза.

Казарма алдындағы жаттығу алаңына жеткенде командирді жауынгерлік қызмет бөлімінің бастығы подполковник Амангелді Омаров қарсы алып, есеп берді. Алаңда әскери қызметшілер дене жаттығуларын жасап жатты.

Ұлттық ұлан сарбаздарының дайындығына жауапты Амангелді Тұрғанбайұлының айтуынша, мұнда түскен әр сарбаз алғашы 30 күн ішінде оқу пунктінде білім алады. Одан кейін екі апта жауынгерлік қызметке дайындықтан өтеді. Осы кезде Әкімшілік кодекстің өздері қызмет бабында қолданатын барлық баптарын, құқықтық нормаларды жаттайды.

Ал әр күні жауынгерлік қызметке кірісер алдында оларға 50 минут нұсқаулық сабақ өткізіледі. Сондай-ақ, үш түрлі оқу сұрақтарына жауап беруі тиіс. Содан соң қоян-қолтық ұрысқа машығады.
Бронды көліктер
Келесі аялдама – әскери техникалар алаңы. Ұлттық ұлан елдің ішкі істер органдары жүйесінде екенін жоғарыда айттық. Сондықтан бұл әскери бөлімнен танктер мен әскери ұшақтарды кезіктірмейтініміз заңды. Алайда мұнда бронды әскери көліктердің түр-түрін көруге болады.

Әуелі көзімізге оттай басылған — әйгілі БТР-80. Кеңес одағы кезінде қолданысқа енген әскери бронды тасымалдаушы көлік өзінің қолайлылығымен өміршең.

Қауіпті аймаққа әскерді аман жеткізу үшін бұл көлікке су да тосқауыл бола алмайды. Ол сағатына 9,5 шақырым жылдамдықпен жүзе алады. Ал тас жолда жылдамдығы сағатына 80-90 км-ге жетеді. Бір рет жанармай құйып алып 600 шақырымға жететін БТР-80 10 адамға шақталған (2+8).

Екінші көзге түскен көлік — «Спартак» (УРАЛ «ӘӨК» 59095). Бұл да 10 адамдық бронды тасымалдаушы. Бірақ ол бір құйған жанармаймен 1000 шақырымды жүріп өте алады. Мамандардың айтуынша, қорғаныс деңгейінің дәрежесі — 5-санат. Ал, мотор бөлігінікі – 4-санат. Яғни, 4 келі тротилдің жарылысынан қорғай алады.
Әйгілі алып «УРАЛ-ВВ» да қатарда тұр. «Спартак» деп отырғанымыз осының шағындатылған нұсқасы. «УРАЛ-ВВ» жүргізушіден бөлек 15 жауынгерді тасымалдай алады. Оның жан-жағы мен төбесі – 5, мотор бөлігі – 3, алды мен терезелері – 6-шы санаттағы қорғаныс дәрежесіне жатады.

Әскерилер бұдан бөлек тағы бірнеше әскери көлікті таныстырды. Олардың ішінен кәдімгі азаматтық көліктерді де кезіктірдік. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қазір лаңкестер жарылғыш дрондарды да жиі пайдалана бастауына байланысты жауынгерлерді кей жағдайда осындай азаматтық көліктермен тасымалдау әлдеқайда қауіпсіз көрінеді. Себебі мұндай көлікпен әскерилердің келе жатқанын аңғару өте қиын.
Иісшіл иттер
Қызық кинологиялық қалашыққа барғанда басталды. Кинодан көретін иісшіл иттердің мұнда түрі бар екен. Бірі есірткі иісін, бірі жарылғыш зат – тротил иісін жазбай тануға машыққан болса, енді бірі қашқын күдіктінің ізін кесіп, адаспай табуды меңгерген.

Алдын ала дайындалған сценарий бойынша, журналистердің біріне көлікке тротил жарылғышына ұқсайтын (иісі бірдей) затты қою тапсырылды. Сәлден соң кинолог бақылау жасау үшін қашықтан басқарылатын кішкентай робот-машинаны жіберді. Оның артынан иісшіл ит — Чемпион келіп, жарылғышты іздей бастады. Ит оны тапқан жағдайда қозғалмай қатып қалуы керек екен. Себебі соңғы үлгідегі жарылғыш заттар дыбыс пен қозғалысқа да әсер беріп, жарылып кететін қасиетке ие. Чемпион дәл солай істеді де.

Екінші жаттығу есірткіні іздеуге арналған. Мұнда да БАҚ өкілі есірткіге ұқсайтын затты жәшіктердің біріне жасырды. Оны Кай есімді иісшіл ит айнымай тапты.

Үшінші жағдайда күдікті шиналардан жасалған құдықтардың біріне жасырынды. Қашқындардың ізін кесуді меңгерген Тайсон есімді ит те қапы қалмады. Біраз айналып жүрді де, қашқын отырған жерге келіп, иесіне үріп үн қатты. Журналистер үш иттің де шеберлігіне тәнті болғанын шапалақ соғып білдіріп тұрды.

Кинология қызметінің бастығы майор Нұрсұлтан Сариевтің айтуынша, мұндағы иттерге күніне екі уақыт тамақ беріледі. Ал кинологтер әр күн сайын арнайы жүгіру жолағында иісшіл иттерді екі сағат жаттықтырып отырады.
«Кинология қалашығында 31 қызметтік ит бар. Олар есірткі іздеуші, жарылғыш заттарды іздеуші, шабуыл жасаушы, із кесуші және патрульдік ит болып бөлінеді. Біз Астана қаласында Полиция департаментімен бірге жауынгерлік қызметті атқарамыз. 2024 жылдың басынан бері біздің кинологтер 10 мәрте қызметтік итті сәтті пайдаланған. Соның ішінде айтып өтетін жайт, осыдан екі апта бұрын Ақмола облысы Полиция департаменті қызметкерлерімен бірлесе отырып Астана өңіріндегі ауылдардың бірінен 18,3 кг гашиш есірткі затын тәркіледік. Ұсталған адам бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол тергеліп жатыр», - дейді Нұрсұлтан Серікұлы.
Сондай-ақ, маман иттер 6 айлық күшік кезінен қабылданып, 8 жыл 3 ай қызмет атқаратынын айтты. Одан кейін итті баптаған кинолог оны алуға өтініш білдірсе, беріледі. Болмаса, итті жеке және заңды тұлғаларға беру де қарастырылған.
Әскери киімдер
ҚР Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің киімі жылдың төрт маусымына сай жазғы, күз-көктемге арналған және қысқы болып бөлінеді. Қысқы киімнің өзінің 20 градусқа дейінгі және 20 градустан суық кезге арналған екі түрі бар.

Одан бөлек, парадқа арналған мундир, барлық жеке құрамға арналған күнделікті киетін киім, Құрмет қарауылы ротасының ерекше парадтық киімі, қоғамдық тәртіпті күзету кезінде киетін киім үлгілері таныстырылды.


Аяқ киімдер де жыл маусымдарына сай өзгеріп тұрады.

Сондай-ақ, арнайы жасақ киімдері де таныстырылды. Олар жаттығуға, әскери қызмет атқару барысына, далалық марштарға, шабуылға (бронжилетімен, жалпы салмағы 22 кг), жарылғыш заттардан қорғауға (жалпы салмағы 32 кг), таулы жерлерде әскери қызмет атқаруға (арқаны, қар-мұзды жерлерде жүруге арнғал құрал-жабдықтары бар) және мергендерге арналған болып бөлінеді екен.
«Бүркіт» арнайы жасағының қару-жарағы
«Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жауынгерлері қолданатын қару-жарақ арсеналы тапаншадан граната атқыш, пулеметтерге дейін ұласады.


Глок-17 тапаншасы.

ПП-2000 пистолет-пулеметі

Витязь-СН пистолет-пулеметі

АК-74 автоматы

СР-3М шағын автоматы

ГМ-94 гранатометі

М212 помпалық тегіс ұңғылы қаруы


Barrett MRAD мергендер винтовкасы

Сондай-ақ, Калашников пулеметі, АГС-30 граната атқышы, ОСВ-69 үлкен колибрлі мергендер винтовкасы (2 км жерден көліктің қозғалтқышын тесе алады), НСВ «Утёс» пулеметі (бронды қорғанысы бар көліктерге орнатылады) секілді атауының өзі ат үркітетін қарулар бар.


Одан бөлек, мергендер винтовкасына арналған дыбыс тұншықтырғыштар мен саунд модераторлар, нысанаға дейінгі қашықтықты өлшейтін дүрбілер, рациялар, спутниктік байланыс құралдары, тіпті көшеде тәртіп бұзғандарға айыппұл толтыруға арналған планшеттерге дейін таныстырылды.

Шара Ұлттық ұлан ән-би ансамблі мен үлгілі көрсетімді оркестрі қойған шағын концертпен қорытындыланды. Онда Құрмет қарауылы ротасы да саптық дефиле көрсетті.

БАҚ өкілдері Ұлттық ұлан әскери бөлімінің асханасында түстеніп, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың қалай тамақтанатынын да көріп қайтты.


