Бүркітші Айшолпанның отбасы еліміздің қай өңіріне қоныс аударды

Айшолпан
Фото: Айшолпанның жеке мұрағатынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлемге әйгілі бүркітші, отандасымыз Айшолпанның үлкен арманы орындалды. Отбасы елге көшіп келді. Аты аңызға айналып, құсбегілік өнерді дүниежүзіне таныстырып, Нью-Йоркте «Азияның батыр қызы» атағына ие болған Айшолпан Кazinform тілшісіне отбасы, саятшылық өнері мен алдағы жоспары туралы айтып берді.

— Айшолпан, отбасыңыз Қазақстанға көшіп келіпті, қоныс құтты болсын! Ата-анаңыз еліміздің қай өңірін таңдады?

— Атажұртқа қоныс аудару — менің көптен күткен арманымның бірі еді. Міне, орындалып жатыр. Осыған дейін Қазақстандағы бүкіл облыстарды аралап шықтым. Бірақ ең ұнағаны Шығыс Қазақстан болды. Себебі, табиғаты өте көркем. Бүркіт ұстауыма өте ыңғайлы. Сондықтан ата-анаммен бірге осындай шешім қабылдадық. Қазақстанға оқуға келгенде «шіркін, ата-анам да бірге келсе ғой» деп едім. Қазір ата-анамды, бауырларыма қарап бақытты болып отырмын.

Айшолпан
Фото: Айшолпанның жеке мұрағатынан

— Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары қалай қарсы алды?

— Біз Шығыс Қазақстан облысы әкімі Ермек Көшербаевтың қабылдауында болдық. Әңгіме барысында туризм саласын талқыладық. Сөйтіп, елдің шығысында саятшылықты дамытуды қолға аламыз деп шештік. Өңір басшысы қолдау көрсететінін айтты. Бүркітшілер одағын құруды жоспарлап отырмыз. Келген туристерге де қазақтың ата кәсібін үйретеміз. Қыран баптап, құс салу — жеті атамыздан бері жалғасып келе жатқан мұра. Арғы аталарымыздан қалған өнерді енді қазақ даласында жалғастырамыз. Мақсат — әлемге қазақ деген ұлт бар екенін көрсету.

— Отбасында қанша ағайындысыздар?

— Отбасында төрт ағайындымыз. Бауырым, сіңілім және інім бар. Қарапайым отбасынан шықтым. Ауылда туып-өстім. Самарқан ағам әзірге Моңғолияда қалды. Кейінірек көшіп келеді.

— Құсбегілік өнеріне қалай келдіңіз?

— Ата-бабам бүркітші болған. Менен бұрын ағам бүркіт ұстады. Ол мектепті бітіргеннен кейін оқуға кетті. Оның бүркітін қарап, баптау менің мойныма жүктелді. Ол кезде бар-жоғы сегіз жаста едім. Алғаш рет қыран бүркітті сол кезде қолыма ұстап көрдім. Бүркіт — ауыр жыртқыш құс. Қыста 40-50 градус суықта аттың үстінде бүркіт ұстап жүру қиын. Арман-мақсатыма жету үшін жаттықтым, қиындыққа төзе білдім. Ең алғаш 13 жасымда бүркітшілер сайысына қатыстым. 79 ер адамның арасында жалғыз қыз мен болдым. Бүркітті 6 секундта қолға шақырып, рекорд орнатып бірінші орын алдым.

Айшолпан
Фото: Айшолпанның жеке мұрағатынан

— Қазақ халқы ерекше қадірлейтін құстың бірі — бүркіт. Сан ғасыр бойы атадан мұра болып келе жатқан қыран құстың киесі мен қасиеті қашан да биік. Сіз үшін бүркіт қандай құс?

— Мен үшін бүркіт — қасиетті және өте шыдамды, батыл құс. Сөйлей алмаса да, адамды жақсы түсінеді. Көзі өте өткір, биікте ұшып жүрсе де, жерде кетіп бара жатқан кішкентай тышқанды көріп ұстайды.

— Сізге Гарвард, Оксфорд университеттері грант ұсынғанын білеміз, алайда Қазақстанды таңдадыңыз. Қазір қай оқу орнында білім алып жатырсыз?

— Рас. Бірнеше шетелдік оқу орнынан шақырту түсті. Мен Қазақстанда білім алғым келді. Қазір Сүлеймен Демирел университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. 4-курс студентімін. Әдеби шығармаларды сүйіп оқимын. Бірінші курсты онлайн оқып, екінші курста Алматыға келдім. Университетте әртүрлі іс-шараларға қатысамын. Төрт тілді меңгердім. Қазақ, түрік, ағылшын және моңғол. Әлемнің 31 елінде болдым.

— Осыдан 11 жыл бұрын сіз туралы режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntres) атты деректі фильм түсірген болатын. Аталған фильм Оскар сыйлығына үміткер үздік 15 фильмнің қатарына енді. Жалпы бұл ұсыныс қалай түсті, сіз қандай сезімде болдыңыз?

— Фильм негізі әкенің тәлім-тәрбиесі, қазақтың салт-дәстүрі, көшпенділердің өмірі жайлы түсірілді. Қарапайым күнделікті өмірімізді көрсетті. Түсірілім қызық әрі күрделі болды. Сценарий бойынша бізге қыранның балапанын алу керек болды. Сол кезде әкем беліме екі арқан байлап, 18 метр қиядағы бүркіттің ұясына түсірді. Бүркітті білесіздер, ұясын құзға салады. Оңай болған жоқ. Енесі келіп қала ма деп қатты қорықтым. Әкем айқайлап, дауыстап тұрды. Қиядан құласам, тірі қалмайтыным белгілі. Бірақ, балапанды алып шықтым.

Айшолпан
Фото: Айшолпанның жеке мұрағатынан

— Фильмнен кейін өміріңіз қалай өзгерді?

— Әлемге танылғанда қуандым. Құдайдың берген бағы шығар. Танымалдылық шетелге шығуға, білім алуға мүмкіндік берді. Отаныма оралуға түрткі болды. «Бүркітші қыз» фильмі әлемнің 30 елінде көрсетілді. Бірақ өкінішке қарай, Қазақстанда көрсетілген жоқ. Соны отандастарыма көрсеткім келеді.

— Алда қандай жоспарыңыз бар?

— Құсбегілік өнерін дамытқым келеді. Болашақта қазақтың салт-дәстүрін үйрететін мектеп ашу да жоспарда бар. Мамандығым бойынша жұмыс істеп, магистратураны да оқысам деймін.

 — Айшолпанның жеке өмірінде қандай жаңалық бар?

— Әзірге тұрмысқа шығу жоспарда жоқ. Егер болып жатса, өздеріңіз бірінші болып естисіздер. 

— Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар