Бұрынғы Көкшетау облысында саяси қуғын-сүргін кезінде сотталғандардан 4301 адам ақталды - Г.Салық

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде Көкшетау облысында сотталғандардың кейінгі жылдары 4301-нің есімі қайтарылып, ақталды.
None
None

Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА-нің тілшісіне Ақмола облыстық мемлекеттік мұрағаттың директоры Гүлбаршын Салықпен жүргізген сұхбатында мәлім болды.

Мұрағат басшысының айтуынша, аждаһадай аранын ашқан аштық миллиондаған қандастарымызды қайғылы қазаға ұшыратты. Ал жарлының малын, жалғыздың жанын алған саяси қуғын-сүргін барысында қаншама зиялы қауым өкілдері «халық жауы» атанды. Олардың дені қиян шеттерге жер аударылып, ал енді бір бөлігі кеңестік империяның құрбанына айналды. Тарихтың тереңіне көз салсақ, сол қарапайым адамдарды қудалаудың басты құралы - олардың кеңестік саясатқа қарсы топ құрып, шетелдің тыңшысы болды деген жалған жалалар еді. Ауылдағы мал баққан қарапайым шопан да, қаладағы өндірісте еңбек еткен жұмысшы да осындай айыптарды арқалап, өз ошағынан аластатылып, темір торларға қамалған.

«Кеңестік үкіметтің бұл қасаң саясаты ең алдымен елді тапқа бөліп, бірлі-жарымды малы болса, оны бай-құлақ деп қоғамнан оқшаулау мақсатын ұстанды. Бұл зобалаңнан ешкім қашып құтыла алмады. Жанары жасқа толған жесір мен жетім бала жаутаңдап, қара киім киген адамдар аяғының астында тапталып жатты. Амал қанша, оларды қорғар кім бар дейсің?! Қауқардың жоқтығы осындай теперіштерді бастан өткеруге себепші болды.

Қазақ еліндегі саяси қудалау науқанының басында сол тұста республиканы басқарған Голощекиннің тұрғанын тарихтан да білеміз. Елді басқаруға сайлана салысымен ауыл-аймақты «кеңестендіремін» деп аласұрды. Сөйтіп, «кіші қазан» науқанын бастап та кетті. Аштықтың кебін киген халықты тамақтандырудың орнына, оларға қасық пен шанышқыны ұстауды үйретемін деп өзінше пәлсапа соқты.

Сол 30-шы жылдардың басында күштеп ұжымдастыру кезінде республика бойынша колхозшылардың - 87 және жеке меншік тұрғындардың 51,8 пайызы өз малдарынан айырылды. Осының бәрі қазақ халқының аштыққа ұшырауына әкеліп соқты.

Бұл зобалаңнан құтылар-құтылмаста саяси қудалау нәубеті басталды. Отызыншы жылдары 1 миллионнан астам тұрғылықты халық өкілдері елден шетке көшуге мәжбүр болды. Олардың 616 мыңы аштық нәубеті басылғаннан кейін де өз ошағына оралған жоқ. Ал Сталиннің саясатымен бос жатқан қазақ жеріне Ресейдің орталық өлкелерінен бай-құлақтардың отбасыларын көшіріп қоныстандырды.

Үштік сотпен бас еркінен айырылғандар көбейе түсті. Ешкімді алалап қараған да жоқ. Біреудің сыртынан арыз жазылса болды, ол «халық жауы» болып шыға келді. Сол кезде бұрынғы Көкшетау облысында 4978 адам сотталған екен. Кейінгі жылдары олардың 4301-інің есімі қайтарылып, ақталды. Ал тағы 440 адамға байланысты материалдар Бас прокуратура мен әскери прокуратураға қарау үшін жолданды. Сонымен қатар, соттан тыс органдармен 1101 адамға үкім шығарылып, оның ішінде 665-і ату жазасына кесілді. Егер деректерге жүгінсек, осы адамдардың ішінде орыстардың саны - 246, қазақтар - 211, поляктар - 230, немістер - 149 болды және осылай жалғаса береді», - дейді Г.Салық.

Соңғы жаңалықтар