Бұрынғы оқу мен бүгінгінің арасы - зерттеу

Қожа мен Жантас паралелі өмір бойы үзілмейтін желі. Дүниені ұстап тұрған сұлулық пен әдімілікке жетудің жолын көркем дүние ұсынбаса да, соған баратын әрекетті бейнелеп жасап, ажарын аша түседі. Білім күні қарсаңындағы әңгімені бастамас бұрын баланың жан дүниесіне үңілген «Менің атын - Қожаны» ауызға алудың өзі тегін емес-ау...
Әжелеріміз «оқыған» дегенді көп айтушы еді. Тіпті үлкендер «Жер асты оқуын оқыған», «Молданың алдын көрген» деген сөздерді ескіде көп естігенін айтып отыратын. Бүгінгінің сөзі «Батыстың білімін алған», «Еуропа көрген» бола ма, жоқ өз елінің білімін алып, өзін күнде жетілдіріп жүрген адамға бағыттала ма - оны болашақ көрсетер. Айтпағымыз сол оқығандар мен білімділердің һәм білімдіге жол көрсетер ұстаздардың бүгінгі жай-күйі. Иә, мектептің табалдырығынан енді-енді аттайтын сәбидің, жалпы мектепте білім алып жүрген балалардың өз әлемін бейнелеуі ерекше ғой. Таза, кіршіксіз, бала қиялымен аяулы һәм қадірлі болашағына ұмтылар. Алайда, болашаққа жоспар құр арманнан тұрмайтынын да білдіріп қойсақ абзал. Себебі, бүгінгі заманның иесі - білімді жандар.
Қараңғы қазақ көгіне...
Құдайға шүкір, осы күні бізде «қараңғы» жоқтың қасы. Еліміздің ұстанымы бойынша, белгілі бір білім деңгейін тегін алуға мүмкіндік беретін саясатқа байланысты осылай деуге болатын шығар. 15 жастағы және ересек халықтың сауаттылығы, халықты оқумен қамтамасыз ету көрсеткіші - сол елдің білімінің қаншалықты дәрежеде екенін сипаттайтыны белгілі. Қандай да бір адамның шағын болса да мәтінді оқу, түсіну және жазу қабілеттілігі арқылы оның сауатты не сауатты емесін де анықтай аламыз. Сауаттылықтың дәл осы көрсеткішіне қатысты бұл күні әлемнің көзқарасы өзгерген. Ол жайында кейінірек... Қазақстанның мысалында, біздегі ересек адамдардың сауаттылық көрсеткіші 100 пайызға жақын. Тек... Бізде ғана емес, дүниежүзінде де өз елінің білім, сауаттылық көрсеткішін анықтайтын өз параметрлері, өз стандарттары бары белгілі. Соның ішінде, PISA халықаралық зерттеулерінің рейтингінде Қазақстан сауаттылығы бойынша 65 елдің ішінде 59-шы орын алған екен. Мұндайда оқушылардың нақты және жаратылыстану ғылымдары бойынша халықаралық және тағы басқа олимпиадалардан алған жүлделі орындары еске түсіп, бұл зерттеулердің нәтижелерін мойындамаймыз деп табандап тұрып алуға болатын шығар. Алайда, зерттеудің аты - зерттеу. Бұдан өзге, Халықаралық математика және ғылыми білім беру саласы бойынша жыл аралатып жасалатын зерттеулер де бар екен. Төртінші және сегізінші класс оқушыларының математика мен жаратылыстанудан білім сапасын бағалайтын зерттеуге көптеген әлем елдері қатысады. Бұл көрсеткіштер бойынша біресе жоғары, біресе кері нәтиже көрсетіп жүретініміз тағы бар. Айтқандай, халықаралық жарыстардан жүлдері орын алып келетін оқушыларымыздың нәтижелеріне күмәндану ойымызда жоқ. Дәл сондай дарынды балалардың жанкештілігінің арқасында Қазақстан білімінің құлдырап бара жатқан рейтингісінде өз абыройын сақтап отырғанын айту керекпіз. Сөйте тұра, біздегі төмен көрсеткіштерге де шындықтың көзімен қарап үйренсек, қане? Progress in International Reading Literacy Study (PIRLS) - бастауыш сынып оқушыларының мәтінді оқу және түсіну сапасын зерттеуге арналған Халықаралық жоба бесжылдық мерзіммен өткізіледі. 2011-2020 жылдар аралығына арналған Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан аталмыш зерттеуге 2016 жылы қатысуды жоспарлап отыр. Күні ертең сол зерттеулерден де «бетті басып» келмеуіміздің жайын бүгін қарастырсақ керек-ті. Сарапшылардың мәлімдеуінше елімізде әрбір тұлға мектепте алып шыққан білімнің 15-20 пайызын ғана пайдасына жаратса, дамыған елдерде мектепте алған білімінің 40 пайызын кәдеге асырады екен. Енді ойланып көріңіз. Біз мектепте алған білімнің қаншасын кейінгі өмірімізге азық қылдық? Мектепте күнбе-күн берілген тапсырманы жаттап келіп, тақылдап айтып берер озат оқушыны тәрбиелегенде оның бүгін алған білімін ертең қалай жаратарын сұрадық па? Бүгінгінің біліміндегі тағы бір мәселе, кітап оқыту дер едік. Кітап оқу - қазіргі жастардың басты проблемаларының бірі. Ресми деректер мектеп жасындағы балалардың 40 пайызы әдеби мәтінді дұрыс түсіне алмайтынын айтады. Өз тілінің әдебиетін түсінбеу қандай трагедия екенін айтпай-ақ қоялық. Ең қарапайым мысал, сол туған елінің әдебиетін түсінбейтін ұрпақ өсе келе ауызекі сөйлегені болмаса, өз тілінде өз ойын сауатты әрі дұрыс жеткізе алмайтын дәрежеге жетпейтін бе еді? Иә, бүгінгі жастармен өз тілінде сөйлесіп, дұрысы түрлі әлеуметтік желілер арқылы хабар алмасып көріңіз, өзіңіз көз жеткізесіз. Олар қазақша сауатты жазуды - мектептегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі алдында диктант, шығарма не мазмұндама жазу деп қана түсінеді-ау деген күмәнді ойға келесің. Сондықтан болар, олар көшеде біз түсінбейтін жарнаманың қазақша тіліне түсінеді. Сондықтан болар, олар біз көрген қателерді байқаймайды. Қазіргі мектеп оқушыларынан сұраңыз, ілеуде-біреуі әдеби кітаптарды оқиды. Тіпті, оқыған кітабының өзі мектеп бағдарламасының аясындағы әдебиет. Оны қойшы, бүгінгі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздарының кейбірі кітапқа аты және шығармасы енбеген ақын-жазушыларды білмейді. Сондықтан болар, бүгінгі оқушы үшін қазақ әдебиеті - өткен шақ. Бүгінгінің шығармасын, бүгінгінің кейіпкерін оқыта алмасақ, мектепті сауатты жазу мен сауатты оқу жайлы бірдеме айтқымыз келетіні де жалған болып шықпай ма? Бүгінгінің білімін алатын оқушы - жаңа заман технологиясымен жақсы таныс. Ең қарапайымы - қолындағы телефоны, смартфонын һәм планшетін күніге он аударып, он төңкереді. Олардың бәрі әлеуметтік желілерде отырады деу де - қателік. Жаңа заман технологиясын ұтымды пайдаланып, электронды кітаптар оқып, ғылыми-танымдық сайттардың мәліметін ақтаратындар да жеткілікті. Тек, солардың қазақ тіліндегі электронды кітаптарды оқып отырғанын сирек байқайсың. Жоғары технологиялары дамыған бүгінгі заманда мәтін электронды түрге көшкен. Түрлі ұялы телефондарға бейімделген электронды кітаптар, әдебиеттер қазақ тілінде де баршылық. Соларды оқып жүрген болар деп көңіліңді жұбатуға болады. Жаңа заманның жаңа құндылықтарын ерекше қадірлейтін бүгінгі білім алушыға қанша жерден қағаз кітаптың интеллектуалдық жағынан жоғары деңгейде тұрғанын айтқаныңмен, олар өз телефонына үңіледі...
Біздің заманның ұстазы
Білім саласындағы жағдайға ықпал ететін, қоғамдағы басты өзгерістердің бірі - қоғамның ғарыштық жылдамдықпен өзгеруі. Яғни мектеп баланы әлі өздері толық біле бермейтін өмірге үйретуі керек. 2014 жылы мектеп табалдырығын аттаған бала шамамен 2025-2030 жылдардың іргетасын қалайды. Ал ол заманның технологиялық, психологиялық, қоғамдық сұраныстары мен өзгерістерін мұғалім мен мектеп тұрмақ, бұрынғының әулие-әмбиесі мен көрікпел жауырыншылар да дәл болжай алмас. Сондықтан да бүгінгі заманның ұстазы өз шәкірттерін өзгермелі қоғамның шындығына бетпе-бет келе алатындай етіп тәрбиелей білуі керек қой. Әрине, мектеп оқушылары осы күні әлемнің бет алған бағыты мен бүгінгі шындығын Ғаламтор мен теледидардан, тіпті құрдастарынан «біліп алуы» мүмкін. Себебі бүгінгі оқушы компьютерді жақсы меңгерген, заманауи техниканың «құлағында ойнайды». Ал ұстаз ше? Ол сол баяғы заманалардан жеткен сұрғылт боры мен көнетоз портфелін құшақтап қалған жоқ па? Әлде түрлі мемлекеттік білім сапасын жақсартуға арналған бағдарламалардың арқасында алыс аймақтарға жөнелтілген интерактивті тақталары мен жаңа технологиялық құрылғылары арқылы оқушыларының назарын баурап ала алды ма? Мұғалімнің мәртебесі төмендеп кеткенін күнде айта беруге болар. Алайда оның мәртебесін көтеру қоғам тарапынан да, оқушылар, мектеп, керек десеңіз, мұғалімнің өз тарапынан да жүргізілуі тиіс екенін де ұмытпаған жөн-ау. Ауылға жиі ат басын бұратын өз тәжірибемізден айтсақ, шалғайдағы мұғалім әлі күнге ауыл үшін сүт бетіндегі қаймақ саналатынын мойындауға тіиспіз. Иә, мұғалімнің қадірін күнде жиналатын ақшалар, тіршіліктің күйбеңі, саяси қоғамдық науқанға қатысу міндетттілігі төмендетсе, төмендететін шығар. Алайда, ауылда тұрақты табыс тауып отырған кәсіп иесінің бірі - дәрігер болса, екіншісі - ұстаз. Тек осы тұрғыдан, яғни тұрақты еңбекақы ала алатын мүмкіндігі тұрғысынан мұғалім мамандығы - ауыл үшін мәртебе екені де рас. Қаладағы жағдай, әрине, ауылмен салыстыруға келмейді. Ең қарапайым мысал, қалалық мұғалімдердің түрлі мұражайлар мен театрларға, мәдени орындарға, мәдени-әдеби кештерге баруға құлқы төмен. Құлқы неге төмен болсын, өзі ағарту ісінде жүргендер ондай мәдени ошақтардан қалғысы келмейтін шығар. Бәлкім қоғам тарапынан ұстаздар үшін сондай мәдени мекемелерді су тегін қылмай-ақ қоялық, арнайы жеңілдіктер жасау туралы ойлансақ та болар еді ғой. Ал біз өтпей қалған кітаптар мен сатылмай қалған билеттердің құнын мұғалімнің жалақысымен жапқымыз келеді. Осы күні заңа заманның ұстазы туралы айтқанда, ер мұғалімдер мен әйел мұғалімдердің арасалмағы туралы да әңгімеге бір соқпай өтпейміз. Англияның орта мектебінде әйел ұстаздардың салмағы - 53%, Францияда - 57%, Германияда - 46%, Ресейде - 80-90% екен. Біз де осы соңғы мысалдың айналасындамыз-ау деген сенімді ой келеді. Тіпті, бастауыш мектепте дене тәрбиесі сабағында болмаса (оның өзінде де қазір әйел мұғалімдердің саны артып келеді) балалар ер адамды мүлде көрмейді деуге болады. Демек, қалайық, қаламайық бүгінгі заманның нағыз мұғалімі туралы сөз қозғағанда көз алдымызға әйел бейнесі келеді. Бүгінгі мұғалім дегенде елестейтін тағы бір бейне - қызметші. Иә, иә, қызметкер емес, қызметші. Себебі, бүгінде мұғалім мен ата-ана қарым-қатынасы да ерекше бір түрге көшкен. Осы күні білім беру - қызмет көрсетумен тең. Сондықтан ұстаздың мәртебесі - қызмет көрсету саласындағы еңбеккердің мәртебесімен бірдей болып қалды. Яғни ұстаз - қызметші. Оның бала бойына сіңіретін немесе сіңіруі тиіс рухани, тәрбиелік қыры көлеңкеде қалып қойған. Бүгінгі нағыз ұстаз туралы сөзді 21 тамызда Астана қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетов те айтты: «Ақпараттық технологиялар қоғамдық тұрмыстың барлық саласын қамтыған елдерде ХХІ ғасыр мұғалімінің бәсекелестік басымдығы айқын көрінеді. Сонымен, сабақ өткізу барысында: - пайдалануды жоспарлағандықтан, дәріс оқыр кезде оқушыларыңыздың смартфондарын қосып қоюын өтіне алсаңыз; - мұқият тексерілген әрі оқытушылардың өздері мойындаған зерттеу жобалары үшін әр алуан интернет-дереккөздерін пайдалануды талап ете білсеңіз (оқушылар тек тексерілген дереккөздерді ғана пайдаланатын мектеп сайттарын жасақтау тәжірибесі бар); - оқушыларыңыз өзге елдердегі құрбыларымен бірлескен жобаларды атқара алса; - сіз күн сайын мектепте болып жатқан уақиғалар туралы өз блогыңызда хабарлап отырсаңыз; - кәсіби дамудың маңыздылығын ескере отырып, блогтарды оқып, желілік қоғамдастықтарға қосылып, твиттер жолдап, төрткүл дүниедегі адамдармен пікірталастырып отыра алсаңыз; - әр алуан елдегі әріптестеріңізбен оқыту жоспарыңыз жөнінде ақылдаса білсеңіз; - әдеби кейіпкерді немесе тарихи тұлғаны зерттеуді оқушылардан өтінсеңіз, олар сол адамдар атынан әлеуметтік желіде бейін жасай алса; - сынып бөлмесінен шықпастан, интернет пен тиісті сайттар арқылы... оқушыларыңызды Луврға саяхат шегуге шақырсаңыз; - өз оқушыларыңыздың ерекше әрі тәуір жұмыстарын бүкіл әлемге таныта алсаңыз және т.б. - нағыз осы заманғы ұстаз болғандығыңыз». Иә, ғажап. Заманауи нағыз ұстаздың өте жақсы балама нұсқасы. Тек, осы күні мұғалімдерді өз қызметінен бөлек, журналист қылып жібере жаздаған (мектепте мұғалімдерге жылына бір рет өз тәжірбиесін БАҚ беттерінде бөлісуге ресми болмаса да міндеттеп жүргені жасырын емес) қоғам, енді оларды SMM маманына айналдырып жіберіп жүрмесе деңіз. Әйтпегенде, «біздің заманның мұғалімі қандай болуы керек еді» дегенде жаңа заманға кірпіш болып қаланатын шәкірттерді тәрбиелейтін ұстаздардың да сол заманның тұлғасы болғанын қалайсың ғой.
Білімді, білгір мектеп болу...
2010 жылғы дерек бойынша, әлемде 300 млн-ға жуық бала мектепке бармайды екен. Жалпы білімді тегін беретін Қазақстан мысалында мектепке бармайтын бала жоқтың қасы. Сауатты халықтың үлес салмағы 100 пайызға жақын дейтініміз сондықтан. Сауаттылық дегеніміздің оқу, жазу, түсіне алу екенін де айтқан болатынбыз. Алайда, осы күннің мамандары сауаттылықтың оқу не жазу ғана емес, тіпті қайталап оқи білу де емес, бір орында тоқтап қалмау екенін айтады. Ал бізде ЖОО бітіріп, өзін сауаттылардың қатарына қосып қойып, үйінде жатқандар қаншама? Қазақстанда 2012 жылғы мәліметтер бойынша, мектепке дейінгі ұйымдар саны жеті мыңнан асады. Жалпы білім беретін мектептер саны сегіз мыңға жуық. 2012 жылы білім беру саласына 193695,0 млн теңге инвестиция салынған. Әдетте, осындай статистиканы келтіріп тұрып, біздің елдің білімді, сауатты екенін мақтанышпен айтатынымыз бар. Иә, бір нәрсені мойындауымыз керек, осы күнгі жұрт көп нәрсені біледі. Тіпті, қай бір елдің бас қаласын айт десеңіз, тақ ете қалуы мүмкін. Оның бастан өткерген тарихын да тамылжыта әңгімелеп беруге қабілеті жетеді. Ал, өзімізді ше? Өзіміздің не толғандырып, не ойлантатынын, бізге не қажет екенін қаншалықты біліп болдық? Өзімізге не қажет екенін біліп болмайынша, өзімізді білімді ұлтқа, білгір ұлтқа жатқызу қаншалықты дұрыс? Иә, осы күні де университтеріміз қаңырап тұрған жоқ. Студенттер Қазақстанды қойып, түрлі елдердің ғажап ЖОО-ларында біліммен сусындап жүр. Олардың ішінде арманына адалдары да көп екеніне сенгіміз келеді. Сене отырып, тағы бір нәрсені мойындауға мәжбүрміз. Бұрындары оқу - мәртебе еді. Осы күні оқу - қажеттілік. Бұрындары қай ЖОО-да оқуын талапкердің арманы шешетін еді. Осы күні бәрін ҰБТ-дағы жинаған балыңмен қатар, сен ұмтылған мамандыққа мемлекет тарапынан бөлінген орын біледі. Сондықтан, әйтеуір бір оқу үшін, дәлірек айтсақ, студент атанып, диплом алуың үшін былтырғы жылдың қорытындысын қарап, «мына мамандыққа түсіп қалуым мүмкін-ау» деп университетет жағалап жүргендерді көп көретін болдық. Студент атану үшін ғана университетке түсу деген ойды да мектеп қабырғасынан сіңіріп алатынымыз тағы бар. Себебі, осы күнгі мектептің білімділік көрсеткіштерінің бірі - мектеп түлектерінің қанша пайызының ЖОО грантын ұтып алуына да байланысты...
Қарагөз СІМӘДІЛ