Бұрынғы посткеңестік кеңістікте саясаттанудың дамуы әр елде әртүрлі деңгейде - Саясаттанушылардың І Еуразиялық конгресін ұйымдастырушылар

"Бұрынғы кеңестік республикалардағы саясаттанудың дамуы әр елде әрқилы деңгейде. Мәселен, қазанның 12-13-і күндері Астанада "Посткеңестік транзит: трендтер, аңыздар және келешегі" деген тақырыппен өтетін саясаттанушылардың І Еуразиялық конгресін ұйымдастыру барысында біз ғаламтордан Түркіменстаннан бірде-бір танымал саясаттанушы таппадық", дейді Алтынбек Сәрсенбайұлы атындағы қордың жетекшісі Айдос Сарым. Былтыр Қазақстан саясаттанушыларының ІІ Конгресі кезінде елде саясаттанудың теориялық және тәжірибелік бағыттары бірімен үйлесімді түрде дамымай, өз алдына жеке-жеке кетіп бара жатқаны айтылған болатын.
Саясаттанушылардың І Еуразиялық конгресін ұйымдастырып отырған Қазақстанның талдау орталықтары альянсы өкілдерінің айтуынша, бұрынғы кеңестік республикалар арасында 20 жылдың ішінде саясаттанудың даму деңгейі туралы ешбір жиын өтпеген. Сондықтан әркім көрпені өзіне тартып, өз саясатын өзгелерге де тықпалауда. Ғалымдар мен зерттеу орталықтарының сарапшылары үшін бұл конгресс өзара ой бөлісіп, тәжірибе алмасудың бірден-бір көзі болмақ.
"Бізге қай деңгейде екенімізді сараптап, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді саяси және ғылыми тұрғыдан анықтап алудың маңызы өте зор. Онда Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезіндегі тәжірибесі де қаралады. Өйткені біз 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық жасаймыз", дейді Айдос Сарым.