БҰҰ 2026 жылғы бюджетін $500 млн-ға қысқартуды жоспарлап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) 2026 жылға арналған бюджетін қайта қарап, шығындарды 500 миллион доллардан астам сомаға қысқартуды ұсынды. Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының «БҰҰ-80» бастамасы аясында хабарланды.

Ұйымның мәліметінше, қайта қаралған бағалаулар БҰҰ-ның әкімшілік және бюджеттік мәселелер жөніндегі Консультативтік комитетіне ұсынылған. Жоспарға сәйкес, шығындар 2025 жылғы бюджетпен салыстырғанда 15,1 пайызға, ал штаттық лауазымдар саны 18,8 пайызға қысқарады. Қысқартулардың бір бөлігі бітімгершілік операцияларын қолдау бюджетіне де әсер етеді.
Комитет ұсыныстарды қарап, өз қорытындысын БҰҰ Бас Ассамблеясының әкімшілік және бюджеттік мәселелерді қарайтын Бесінші комитетіне жолдайды. Бұл комитетте шешімдерге барлық 193 мүше мемлекет қатысады.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш мүше мемлекеттерге жолдаған хатында қысқартулар ресурстарды бөлудің жан-жақты талдауынан кейін жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, шаралар БҰҰ Жарғысының үш негізгі бағыты — бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, адам құқықтарын қорғау және тұрақты дамуды қамтамасыз ету арасында теңгерімді сақтауға бағытталған.
— Қысқартулар мұқият есептеліп, нысаналы түрде жүргізілуде. Олар жаппай емес, нақты бағыттарға ғана қатысты, — деді Гутерриш.
Ұйымның хабарлауынша, ең осал елдерді қолдауға бағытталған бағдарламаларға өзгеріс енгізілмейді. Олардың қатарында теңізге шыға алмайтын, шағын аралдық және аз дамыған мемлекеттер бар. Африка құрлығын дамытуға арналған бастамалар, Бейбітшілікті нығайту қоры және тұрақты өкілдер жүйесі де бұрынғы деңгейде қолдауды жалғастырады.
Бюджетті қайта қарау барысында БҰҰ Хатшылығының реформасына қатысты алғашқы ұсыныстар да енгізілген. Атап айтқанда, Нью-Йорк пен Бангкокта жаңа әкімшілік орталықтар құру, жалақы есептеу функциясын бірыңғай ғаламдық топқа біріктіру, сондай-ақ Женева мен Нью-Йорк сияқты қымбат локациялардағы кейбір қызметтерді арзанырақ өңірлерге көшіру көзделген.
Бұған дейін Бас хатшы Антониу Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік кеңесін реформалау қажеттігін мәлімдеген болатын.