БҰҰ арнайы елшісі: Әлемде 2,5 млрд адам су тапшылығына ұшырап отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі таңда 2,4 миллиард адам су тапшылығы бар елдерде өмір сүріп жатыр. 2022 жылы кем дегенде 1,7 миллиард адам ластанған көздерден су пайдалануға мәжбүр болды, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ БҰҰ ресми сайтына сілтеме жасап.
Мұндай алаңдатарлық деректерді БҰҰ Бас хатшысының су мәселелері жөніндегі арнайы елшісі Ретно Марсуди халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) «Су үшін атом» атты ғылыми форумының ашылуына орай берген сұхбатында айтты. Бұл форум 16 қыркүйекте басталады.
2014–2024 жылдар аралығында Индонезия сыртқы істер министрі болған Ретно Марсуди қазіргі уақытта су қауіпсіздігі мәселесін көтеріп жүрген ең белсенді тұлғалардың бірі саналады.
Ол су мәселесінің тек ғаламдық емес, сонымен бірге өзіне де жеке маңызды екенін атап өтті.
— Су әрдайым мен үшін өте жеке және маңызды нәрсе болды. Әйел ретінде мен судың жетіспеушілігіне байланысты қиындықтардың көбіне әйелдерге шамадан тыс ауыртпалық түсіретінін түсінемін. Көптеген елде су тапшылығы мен қауіпсіз судың шектеулі қолжетімділігі әйелдерге қосымша ауыртпалық жүктейді, олар отбасына су әкелу үшін ұзақ қашықтықтарды жүріп өтеді, — деді ол.
Ол су туралы әңгімені тек инфрақұрылымға байланысты қарауға болмайтынын қосты.
— Су туралы айту — бұл тіршілік үшін күрес туралы айту. Бұл – өмірдің және күнкөріс құралдарының негізін сақтау туралы, — деді Марсуди.
Ретно Марсуди климаттық өзгерістерді, экстремалды ауа райы құбылыстарын және қаржыландырудың жетіспеушілігін болашаққа деген басты қауіптер деп атайды.
Арнайы елшінің сөзінше, бүгінгі таңда дүниежүзілік су жүйелері бұрын-соңды болмаған деңгейде күйзеліс жағдайында тұр.
— Болашақтағы суға және инфрақұрылымға қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін 2030 жылға дейін шамамен 6,7 триллион доллар, ал 2050 жылға дейін 22 триллион доллардан астам қаражат қажет болады, — деді ол.
Марсуди дүниежүзі халқын сумен қамтамасыз ету үшін негізгі шарт — әртүрлі тараптардың күш-жігерін біріктіру және халықаралық ынтымақтастық деп атап өтті.
— Мен әрдайым судың барша адамның жауапкершілігі екенін ерекше атап өтемін. Жеке адам, ұйым немесе ел жаһандық су мәселелерін өз бетінше шеше алмайды, — деді Ретно Марсуди.
Арнайы елші ядролық технологияларға, әсіресе изотоптық гидрологияға ерекше назар аударды. Бұл — судың пайда болу көзін және сапасын талдау үшін суда болатын тұрақты және радиоактивті изотоптардың табиғи өзгерістерін пайдаланатын ғылым саласы. Бұл әдіс дүниежүзілік су жүйелерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.
— Изотоптық гидрология су көзінің шығу тегін, жасын және сапасын дәл анықтау арқылы су ресурстарын басқаруда түбегейлі өзгеріс әкелетін шешім саналады. Менің ойымша, ядролық ғылым мен технологияларды қолдану арқылы МАГАТЭ жаһандық су ресурстарының тұрақтылығын арттыруға өз үлесін қосады, — деп қосты Ретно Марсуди.
Келесі жылдың желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінде БҰҰ су жөніндегі конференциясы өтеді. Бұрынғы шара — онжылдықтардағы алғашқысы — 2023 жылғы наурызда Нью-Йоркте өткен болатын. Оның сөзінше, алдағы форум су ресурстарын басқаруда шешуші маңызға ие болады.
— 2026 жылғы су конференциясына деген үміт өте зор. Бұл жаһандық су мәселелеріндегі прогресті ілгерілетуге маңызды қадам болып, Тұрақты даму мақсаттарының алтыншысы — таза су мен санитарияны қамтамасыз етуді жеделдетуге мүмкіндік береді, — деп қорытындылады БҰҰ Бас хатшысының су мәселелері жөніндегі арнайы елшісі.
Осыдан бұрын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Дохаға жасалған соққыны айыптағанын жазғанбыз.