БҰҰ Бас Ассамблеясында Ұйымның 80 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті
НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — Дүйсенбі күні Нью-Йорктегі Бас Ассамблея залында Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толуына арналған салтанатты отырыс өткізілді, деп хабарлайды БҰҰ ресми сайты.

Іс-шара Sing for Hope жастар хорының, Метрополитен-опера хоры әншілерінің, пианист Дэвид Уоткинс пен дирижер Тильман Михаэльдің музыкалық қойылымымен басталды. Алайда Бас Ассамблея төрағасы Анналена Бербок өз сөзінде «бүгін — мерекелеу күні емес, бұл — тарих сабақтарын еске алып, үміт жолын қайта таңдауға батылдық табатын сәт» деп атап өтті.
Ол БҰҰ өте ауыр жағдайларда құрылғанын еске салды.
Бас хатшы Антониу Гутерриш те сөз сөйлеп, алғашқы БҰҰ қызметкерлерін еске алуға шақырды. Оның айтуынша, олардың көбісі соғыстың «көзге көрінетін жарасын» арқалап жүрген.
— Олар адамзаттың ең ауыр келбетін — өлім лагерлерінің қорқынышын, шайқастардың қатігездігін, жермен-жексен болған қалаларды көрді. Сол себепті олар бейбітшілікке қызмет етуге шешім қабылдады. Бейбітшілікке ұмтылу — аңғалдық деген жаңсақ түсінікке қарамастан, олар бейбітшілік — ең батыл, ең шынайы әрі ең қажетті мақсат екенін білді, — деді Бас хатшы.

2021 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Мария Ресса өз баяндамасын цифрлық дәуірдегі адам құқықтары мен ақпарат мәселелеріне арнады.
— 80 жыл бұрын БҰҰ Жарғысы фашизмнің ақпаратты бұрмалау, шындықты жою және тұтас халықтарды адамдық қасиеттен айыру арқылы геноцид пен дүниежүзілік соғысты ақтап алуға тырысқан қасіретін болдырмау уәдесі ретінде дүниеге келді, — деп еске салды ол.
Оның айтуынша, бүгінде адамзат «ақпараттық армагеддонды» бастан өткеріп отыр – мұнда жалған ақпарат фактілерден жылдамырақ таралады, ал алгоритмдер «жанашырлықтың орнына ашу-ыза тудыруға» бағытталған әрі «қорқыныш, ашу мен жеккөрушілікті қоздырып, бізді уытты ақпарат тасқынымен көміп тастайды». Зерттеулер көрсеткендей, жалған ақпарат шындыққа қарағанда алты есе жылдам таралады. Генеративті жасанды интеллект дамыған сайын бұл мәселе ушыға түскен.
Мария Ресса үш шешім ұсынды:
-
Цифрлық алпауыттардың жазаға тартылмайтынын тоқтату және ақпараттық кеңістікті қорғауға арналған халықаралық стандарттар енгізу;
-
Тәуелсіз журналистикаға негізделген сенім инфрақұрылымын құру;
-
Демократиялық институттарды нығайтып, бейбітшілік орнатуда маңызды рөл атқаратын әйелдерді қолдауды қамтитын кешенді бастамаларға инвестиция салу.
Еске сала кетейік, 23 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 жылдығына арналған Жалпы пікірсайыстың ашылуына қатысады. Тоқаев — ТМД елдері басшыларының арасынан алғашқы болып сөз сөйлейді. Барлығы 97 мемлекет басшысы баяндама жасайды деп күтіледі.