БҰҰ Бас хатшысы Сириядағы мешітке жасалған террористік шабуылды айыптады
АСТАНА.KAZINFORM — БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Сирияның Хомс провинциясында жұма намазы кезінде мешітте жасалған террористік шабуылды қатаң айыптады, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтары.
Бұл туралы БҰҰ Бас хатшысының баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик таратқан хабарламада айтылған.
Хабарламаға сәйкес, Антониу Гутерриш бейбіт тұрғындар мен діни ғимараттарға шабуыл жасауға мүлде жол берілмейтінін атап өтіп, кінәлілерді анықтап, оларды жауапкершілікке тартуға шақырды.
Сондай-ақ хабарламада Сирия билігінің бұл шабуылды айыптағаны және терроризмге қарсы күресті жалғастыруға бейілді екенін қайта растағаны көрсетілген.
— Бас хатшы қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жараланғандардың тезірек сауығып кетуін тілейді», — делінген мәлімдемеде.
Сирияның орталық бөлігінде орналасқан Хомс провинциясындағы мешітте жұма намазы кезінде болған жарылыс салдарынан 8 адам қаза тауып, тағы 18 адам жарақат алған.
Сирия президентінің БАҚ-пен байланыс жөніндегі кеңесшісі Ахмед Муваффак Зейдан оқиғаға пікір білдіріп, «тұрақсыздыққа алаңдайтындар хаос кезеңінің аяқталғанын түсінуі керек» деп мәлімдеді.
Қазіргі уақытта бұл шабуыл үшін жауапкершілікті ешбір топ өз мойнына алған жоқ.