БҰҰ Бас хатшысы ұйымдағы бюрократия мен есептердің артықтығына алаңдаушылық білдірді

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас хатшысы Антониу Гутерриш «БҰҰ-80» бастамасы аясында оның жұмыс тобы дайындаған баяндама туралы ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдеріне мәлімдеді, деп жазды DW. 

БҰҰ Бас хатшысы
Фото: media.az

Баяндамада БҰҰ қызметкерлері Бас Ассамблея мен Қауіпсіздік Кеңесі сияқты органдардан берілген мыңдаған мандатты қалай орындайтынына назар аударылған.

— Кеңестер мен есептердің тым көптігі бүкіл жүйені — және бәрімізді — шектен тыс жүктеуге әкеліп отыр, — деді Гутерриш.

Оның айтуынша, былтыр БҰҰ жүйесі 240 органның қатысуымен 27 000 отырыс өткізген, ал БҰҰ хатшылығы 1100 есеп дайындаған. Бұл — 1990 жылмен салыстырғанда 20%-ға көп, деп еске салады Reuters агенттігі.

Гутерриш өз баяндамасында көптеген есептердің БҰҰ-ның ресми сайтында жарияланғанына қарамастан, кең қолданылмайтынын айтып, қынжылды.

— Бұл есептердің көбін көп адам оқымайды, — деді ол. — Тек 5% есеп 5500 реттен артық жүктелген, ал әр бесінші есеп 1000 реттен де аз жүктелген. Ал жүктеу — оқылды дегенді білдірмейді.

Баяндама БҰҰ жұмыс тобының баяндамасы негізінде дайындалған және реформаның бірнеше бағытының бірін ғана қамтиды, деп атап өтті Бас хатшы.

«БҰҰ-80» бастамасы

Бұл бастаманың мақсаты — БҰҰ-ның тиімділігін арттыру және «сенімсіздік артып, көмекке мұқтаж адамдар саны көбейіп жатқан кезеңде көпжақты ынтымақтастықтың құндылығын растау», — деді Антониу Гутерриш.

Бастама ұйымның жаңа сын-тегеуріндерге — әскери қақтығыстардан бастап көші-қонға, климаттық апаттар мен технологиялық өзгерістерге дейін — жауап беру қабілетін күшейтуді көздейді. Сонымен қатар ол бюджетті қысқарту мен саяси келіспеушіліктердің артуы сияқты сыртқы қысымдармен күресуді мақсат етеді.

«БҰҰ-80» бастамасы үш негізгі бағытқа негізделген:

  1. Ішкі тиімділікті арттыру, соның ішінде бюрократияны қысқарту;

  2. Мандаттарды қайта қарау, қажетсіз және ескіргендерін алып тастау;

  3. Құрылымдық өзгерістер, БҰҰ жүйесінің архитектурасын талдау және қажет болса өзгерістер енгізу.

Гутерриш «БҰҰ-80» жұмыс тобын биыл наурыз айында құрған. БҰҰ-ның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйым жетінші жыл қатарынан қаржылық тапшылық дағдарысына тап болып отыр, өйткені 193 мүше елдің барлығы міндетті жарналарын толық немесе уақытында төлемейді, деп нақтылайды Reuters.

Еске сала кетейік, 3 тамыз күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстан Республикасына сапармен келеді.

Соңғы жаңалықтар