БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға сапарының егжей-тегжейі белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Орталық Азия елдеріне сапары аясында 3 тамызда Қазақстанға сапарының егжей-тегжейі белгілі болды, деп хабарлайды БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі.

Антонио Гутерриш
Фото: Анадолы

Алматыға сапары барысында Бас хатшы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, сондай-ақ Үкімет өкілдері мен БҰҰ қызметкерлерінің қатысуымен өтетін бірқатар іс-шараға қатысады.

Сапардың басты оқиғасы БҰҰ мен Қазақстан Үкіметі арасындағы БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша өңірлік орталығын (ОДО) құру туралы келісімге қол қою болмақ.

Құжатқа қол қоятын тараптар – Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және БҰҰ-ның экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі Бас хатшысының орынбасары Ли Цзюньхуа болмақ.

Аталған орталық 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму саласындағы күн тәртібін өңірлік деңгейде ілгерілету үшін маңызды алаңға айналады.

— Бұл БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға үшінші сапары, ол БҰҰ мен Қазақстан Республикасы арасындағы серпінді ынтымақтастықты, сондай-ақ елдің аймақтағы көпжақтылық пен тұрақты дамуды ілгерілетудегі көшбасшы ретінде өсіп келе жатқан рөлін танытып отыр. Бас хатшы өз сөзінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың, жаһандық сын-қатерлерге, соның ішінде климаттың өзгеруіне, цифрлық трансформацияға қарсы тұру және бейбітшілікті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтеді деп күтіліп отыр, — деп атап өтті БҰҰ өкілдігі.

БҰҰ Қазақстанды инклюзивті экономикалық өсу мен тұрақты экологиялық шешімдерден бастап адам құқықтары, гендерлік теңдік, денсаулық сақтау және білім беру сияқты кең ауқымды салаларда қолдайды. 2024 жылы серіктестермен бірлесіп Қазақстанға көрсетілген қолдау көлемі 37 млн АҚШ доллары болды.

Айта кетелік Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Қазақстанға сапармен келетіні туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар