БҰҰ Бас хатшысы КХДР-дан арандатушылықты тоқтатуды талап етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш КХДР-дың сейсенбі күні зымыран ұшырғанын сынға алып, елдің басшылығынан арандатушылық әрекеттерді тоқтатуын талап етті. Ол бұл жолы сыналған құрлықаралық зымыран болуы мүмкін екендігін атап өтіп, Пхеньянды елдің ядролық қару мен оны жеткізу құралдарын шығаруға тыйым салатын Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясын орындауға шақырды. Бұл туралы бас хатшының ресми өкілі Стефан Дюжарриктің мәлімдемесінде баяндалды, деп хабарлайды ТАСС.   

БҰҰ Бас хатшысы КХДР-дан арандатушылықты тоқтатуды талап етті

«Бас хатшы 2017 жылдың 4 шілдесі күні Корей Халық-Демократиялық Республикасының ұшырған құрлықаралық баллистикалық зымыранын қатты сынға алды. Бұл әрекеттер Қауіпсіздік Кеңесі резолюциясының бұзылуы болып табылады және жағдайды одан әрі ушықтырып жатыр. КХДР арандатушылық әрекеттерін тоқтатып, өзінің халықаралық міндеттерін толықтай орындауы тиіс», - деп атап өтті мәлімдемеде.

Сейсенбі күні КХДР орталық телевидениесі "Хвансон-14" құрлықаралық баллистикалық зымыранын алғаш рет сәтті сынақтан өткізгенін жария етті. Солтүстіккореялық тараптың мәлімдемесінде зымыран ұшырылымының биіктігі  2802 шақырымды құрайды делінген. Сондай-ақ зымыран 39 минутта 933 шақырымды ұшып өткен. Ұшыру туралы бұйрықты КХДР Президенті Ким Чен Ын берген. Ол сондай-ақ сынақты өзі бақылаған.