18:51, 10 Наурыз 2009 | GMT +5
БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ян Кубиш Астанаға келіп қайтпақ
АСТАНА. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Наурыздың 11-і мен 13-і аралығында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары, осы ұйымның Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Ян Кубиш Астанада болады.
Бұны бүгін дәстүрлі апталық брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның сөзіне қарағанда, халықаралық ұйым өкілі сапар барысында еліміз бен БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы арасындағы байланыс мәселелерін талқылау мақсатында мемлекетіміздің бірқатар басшыларымен кездеседі. Кездесулер барысында көлік, су, энергетика, табиғатты қорғау, сауда, экономика, ауыл шаруашылығы, қаржы және ғылыми-инновациялық салада қалыптасқан мәселелер сөз болады. Сондай-ақ Ян Кубиш II Астаналық экономикалық форумға қатысады.