БҰҰ басшысы: халықаралық ынтымақтасты реформалаудың алғашқы қадамдары жасалды
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Бас Ассамблеясы 79-шы сессиясының жоғары деңгейдегі апталығы қарсаңында Ұйымның штаб-пәтерінде «Ертеңгі күн үшін көпжақты шешімдер» тақырыбында екі күндік «Болашақ саммиті» басталды.
Бұл іс-шара БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің бастамасымен өткізіліп, қазіргі кездегі және келешекте болуы мүмкін мәселелерге бірлескен шешім жасауға бағытталған.
«Мен бұл саммитте БҰҰ Жарғысының құндылықтарына сүйенген жаһандық институттарды неғұрлым заңды, әділ және тиімді ету үшін терең реформаларды қарастыруға шақырдым», - деді ол.
«Болашақ саммиті» – 22-23 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өтетін жоғары деңгейдегі іс-шара. Әлемдік көшбасшылар барлығына бірдей жарқын болашақты қалай қамтамасыз ету керектігі туралы жаңа халықаралық консенсус құру үшін жиналды.
Жексенбі күні олар Болашақ үшін пакт, Жаһандық цифрлық келісім және Болашақ ұрпаққа арналған декларация сияқты үш негізгі құжатты бірауыздан қабылдады.
«Саммит бүкіл әлемдегі барлық елдер мен қауымдастықтар арасында прогресті теңдей бөлісуін қамтамасыз ету үшін тарихи мүмкіндік береді», - деді БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Филемон Янг.
Әлем дұрыс жолдан шығып барады
«Мен бұл саммитті ұйымдастыруға үндеу жасадым, өйткені біздің әлем негізгі таңдаған жолдан шығып барады. Сондықтан қайтадан дұрыс жолға түсу үшін бізге қатаң шешімдер қажет», - деді Гутерриш.
Осы орайда ол Таяу Шығыстан Украина мен Суданға дейін әлемді шарпыған қақтығыстарды еске алды.
«Ұжымдық қауіпсіздіктің халықаралық жүйесіне геосаяси кикілжіңдер, елдердің ядролық амбициялары, сондай-ақ жаңа қару-жарақ түрлерін даярлау салдары қауіп төндіреді», - дейді Гутерриш.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы сонымен қатар елдер ішінде де, мемлекеттер арасында да теңсіздіктің артып келе жатқанын атап өтті.
«Дамушы елдердің біразы қарызға белшесінен батып, өз халқының жағдайын жасай алмай жатыр», - деді БҰҰ басшысы.
Оның айтуынша, климаттық дағдарыс жаһандық экономиканы бұзады.
Оңтайлы шешім пысықталмаған
Ол халықаралық қоғамдастықта пайда болған қауіптерге төтеп беретін «тиімді жаһандық шешім» жоқ екенін атап өтті.
«Біздің көпжақты тетіктеріміз бен институттарымыз қазіргі саяси, экономикалық, экологиялық және технологиялық сын-қатерлерге тиімді түрде жауап бере алмайды. Ал ертең бұдан да қиын әрі қауіпті болады», - деді Бас хатшы.
Қабылданған келісімдер - дұрыс бағыттағы алғашқы қадам
Әлем турбуленттілік пен өтпелі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Сондықтан халықаралық қауымдастық мүшелері халықаралық ынтымақтастықты жаңарту және реформалау бойынша алғашқы шешуші қадамдарды қазірден бастауы керек.
«Бүгін сіздердің күш-жігерлеріңіздің арқасында біз мұны жасадық. Болашақ пактісі, Жаһандық цифрлық шарт және Болашақ ұрпаққа арналған декларация жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», - деді ол.
22 қыркүйекте қабылданған құжаттарда, яғни Қауіпсіздік Кеңесін реформалауда серпіліс жасауға уәде берілген.
Қабылданған келісімдер халықаралық қаржы архитектурасын революциялық реформалау бағытында жасалған қадам саналады.
Гутерриштің сөзіне қарағанда, олар оның институттарын неғұрлым өкілді етуге, қазіргі қиындықтарға тиімді әрекет етуге және дамушы елдер үшін тиімді жаһандық әлеуметтік қауіпсіздік желісін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Болашаққа арналған пакті Орнықты даму мақсаттары мен климат бойынша Париж келісімінің жетістіктерін жеделдетуге, сондай-ақ қазбалы отыннан таза экологиялық энергияға әділетті көшуді көздейді. Сонымен қатар, құжатта әлемдегі барлық адамның бейбіт болашағын қамтамасыз ететін іс-шаралар ескерілген.
Жаһандық цифрлық келісім
Жаһандық цифрлық шарт негізінде «технология барлығына пайда әкелуі керек» деген қағида қарастырылған. Ол жасанды интеллектті халықаралық басқару туралы алғашқы әмбебап келісімді қамтып отыр.
«Осы құжат үкіметтерді жасандық интеллект бойынша тәуелсіз халықаралық ғылыми топ құруды және Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында оны басқару тұрғысында жаһандық диалогты бастауды міндеттейді», - деп түсіндірді БҰҰ басшысы.
Шарт дамушы елдерде жасанды интеллект саласында әлеуетін арттыру үшін желілер мен серіктестіктерді құруды қолдайды.
Мұнымен қоса, Болашақ ұрпаққа арналған декларация БҰҰ Жарғысының үндеуімен үйлеседі және болашақ ұрпақты соғыс нәубетінен аман алып қалу уәде берілген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы атап өткендей, барлық үш келісім адам құқықтарын, мәдени алуан түрлілігін құрметтеу қағидаттарына бағытталған.