БҰҰ басшысы Сиднейде адамдарға жасалған шабуылды айыптады

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Австралияның Сидней қаласында Хануканы атап өту үшін жиналған еврей отбасыларына жасалған «жексұрын» шабуылды қатаң айыптады. Бұл туралы БҰҰ Жаңалықтары хабарлады. 

БҰҰ
Фото: Анадолы

— Хануканың алғашқы күнінде бейбітшілік пен жарықтың түнекті жеңу кереметі дәріптелетін мерекеде менің жүрегім бүкіл әлемдегі еврей қауымдастығымен бірге, — деп жазды ол.

Хабарламаларға сәйкес, қаруланған екі адам Сиднейдегі Бонди жағажайында Хануканы тойлап жатқан адамдарға оқ жаудырған. Кемінде 15 адам қаза тапты. Құрбандардың екеуі полиция қызметкері. Ел билігі бұл оқиғаны террористік акт деп бағалап отыр. Шабуыл жасаушылардың бірі көз жұмған, екіншісі ұсталды.

БҰҰ Бас хатшысы Австралия халқы мен үкіметіне, сондай-ақ елдегі және бүкіл әлемдегі еврей қауымдастығына ынтымақтастығын білдірді.

Ол «антисемитизмнің барлық түрін сөзсіз айыптайтынын» атап өтіп, діни қауымдастықтарға және бейбіт жиындарға жасалатын шабуылдар төзімділік, бейбіт қатар өмір сүру және адамдық қадір-қасиет сияқты негізгі құндылықтарға нұқсан келтіретінін мәлімдеді.

Террористік акт болған сәтте Антониу Гутерриш Сауд Арабиясының Эр-Рияд қаласында өткен БҰҰ-ның Өркениеттер альянсының жаһандық форумына қатысып жатқан.

Бұл бастама 20 жыл бұрын мәдениеттер мен діндер арасындағы өзара құрмет пен түсіністікті нығайту мақсатында құрылған.

Альянстың Жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос та шабуылға байланысты «қатты күйзелгенін» айтты.

— Қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтамын және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін, — деп жазды ол X платформасында. 

Айта кетелік Ханукка мерекесін тойлау кезінде Сидней жағажайында атыс болды. Сиднейдегі лаңкестердің әкесі мен баласы екені анықталды

Соңғы жаңалықтар