БҰҰ: бір аптада Гаитидің 200-ден астам тұрғыны көз жұмды
АСТАНА.KAZINFORM - Қаза тапқандардың көпшілігі бақсылық жасады деп айыпталған егде жастағы адамдар, деп жазады «Америка дауысы».

БҰҰ-ның дүйсенбі күнгі мәлімдемесіне сәйкес, Гаити астанасы Порт-о-Пренсте Wharf Jeremy бандасының мүшелері кем дегенде 207 адамды өлтірді. Алғашында қаза тапқандар саны 187 адам болған.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының кеңсесі қырғынға қатысты жаңа баяндамасында 300-ге жуық қылмыстық топ мүшелерінің жаппай жазалауы, ұрлау және басып алу әрекеттерінен бір аптадан аз уақыт ішінде 134 ер адам мен 73 әйел өлтірілгенін хабарлады. Қаза тапқандардың көпшілігі бақсылық жасады деп айыпталған егде жастағы адамдар.
Шабуыл банда жетекшісі Монель Феликстің бұйрығымен жасалған, ол ауырып қалған баласын жергілікті тұрғындар дуалады деп айыптады. Қаза тапқандардың көпшілігі вуду храмынан діни рәсімдер кезінде ұрланған, деп хабарлады БҰҰ.
БҰҰ мәліметі бойынша, Феликс бандасы 15 жылдай негізгі порттар, жақын маңдағы қоймалар және ел астанасына апаратын ұлттық магистральдар арасындағы шағын, бірақ стратегиялық аймақты бақылап келген.
Жаппай өлтіруден кейін қылмыстық топ мүшелері ұялы телефондарды тәркілеп, мәйіттерді өртеп, теңізге лақтырып, айғақтарды жоймақ болған.
БҰҰ мәліметі бойынша, Гаитиде қаңтардан бері 5300-ден астам, ал 2022 жылдың басынан бері 12 мыңнан астам адам қаза тапты. Осы уақыт ішінде 700 мыңнан астам адам ел ішінде қоныс аударуға мәжбүр болды.