БҰҰ-да «2030 Жоспары үшін Жібек жолы бойындағы синергия» атты симпозиум өтіп жатыр

Шараның ашылу салтанатында ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың симпозиум қатысушыларына жолдаған құттықтау хатын оқып берді.
« Құрметті Симпозиумға қатысушылар!
Таяуда қабылданған «Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бағдарламасы» бейбітшілікті, адамзаттың өсіп-өркендеуін, қоршаған ортаны қорғауды мақсат еткен және кедейлікті түбегейлі жоюды көздейтін міндеттерді қамтиды.
Адамзаттың ортақ мүддесі үшін Қазақстан да өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Біз азаттықтың алғашқы жылдарынан бері ядролық қару-жарақтан бас тартып, қауіпсіздік мәселелері бойынша көптеген бастамалар көтердік.
Қазіргі алмағайып кезеңде әлемнің кейбір өңірлерінде терроризм мен экстремизмнің белең алғаны баршаға белгілі. Сондықтан адамзатқа төнген жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу, оған бірлесіп қарсы тұру - баршаға ортақ міндет. Бұл орайда қоғамдық ұйымдар мен ғалымдар, сарапшылар мен мамандар күш жұмылдыруға тиіс.
Осы ретте Біріккен Ұлттар Ұйымында Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырып отырған алқалы басқосу өркениеттер мен халықтар арасындағы келісімді, өзара сенімділікті одан әрі арттыра түседі деп сенемін.
Симпозиум жұмысына табыс тілеймін!», - делінген Елбасы құттықтауында.
Түркі академиясы халықаралық ұйымының ұйымдастыруымен өтіп жатқан алқалы жиынға БҰҰ-ның жауапты тұлғалары, көрнекті ғалымдар мен халықаралық ұйым басшылары қатысуда. Симпозиумды ұйымдастыруға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TİKA) мен Түркия Премьер-министрі жанындағы Шет елдегі түріктер және туыс халықтар жөніндегі Басқарманың қолдау көрсеткенін атап өту керек.
Симпозиум «Жібек жолында және одан тысқары аймақтарда әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту; трансұлттық қауіп-қатер мен экстремизмге қарсы әрекет ету» және «Жібек жолын қайта жаңғырта отырып, мәдениеттерді жақындастыру арқылы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру» атты 2 панельді отырыспен жалғасады, деп хабарлайды Түркі академиясының баспасөз қызметі.