БҰҰ-да Қазақстанның 71 азаматы волонтер болып қызмет етеді
«Қазақстанда халықаралық волонтерлікті дамыту маңызды. Бүгінгі форумның серіктесі – БҰҰ еріктілер бағдарламасы. Бүгінде БҰҰ жүйесінде Қазақстаннан 71 волонтер жұмыс істейді. Оның ішінде 42 әйел бар. Сонымен қатар, қазақстандық 7 волонтер біздің министрлік пен БҰҰ еріктілер бағдарламасы арасындағы серіктестік туралы келісім аясында Иордания, Кения, Түркия және Таиландтағы БҰҰ-ның түрлі құрылымдарында табысты еңбек етіп жатыр. Біздің елден шыққан волонтерлер өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетіп, БҰҰ тарапынан жоғары баға алды. Оң тәжірибені ескере отырып, біз осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға ниеттіміз», - деді Асқар Омаров елордада өткен Орталық Азия елдері волонтерлерінің форумында.
Оның айтуынша, 2020 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарының мәтініне «Волонтерлікті тұрақты даму саласындағы күн тәртібін іске асырудың қуатты және әмбебап құралы деп тану туралы» жаңа тармақ енгізілді. Аталған бастаманы БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қолдады.
«Біз елдегі волонтерлікті одан әрі дамытумен қатар, Мемлекет басшысының түрлі халықаралық диалог алаңдарында еріктілерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы бастамасын ілгерілетумен айналысамыз», - дейді ол.
Бұған дейін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров қайырымды істер марафоны аясында 5 млн адамға атаулы көмек көрсетілгені туралы айтқан еді.