БҰҰ елорда ауруханасына қауіпті медициналық қалдықтарды жоятын құрылғы сыйлады
Аппарат қауіпті және аса қауіпті медициналық қалдықтарды залалсыздандырады, оларды кейіннен полигонда жоюға болады.
«Автоклав циклі 1 сағат 5 минутқа есептелген, тәулік бойы жұмыс істей алады. Яғни бір тәулікте 12-15 цикл өндіре алады. Құрылғыны қолдану өте оңай және басты артықшылығы – судың екі есе контурда өңделуі. Кәрізге құйылған су толығымен қауіпсіз болады. Автоклав күніне 600 келі қоқыс тастай алады. Қалдықтар қаупіне қарай А, Б және В санаттарына бөлінеді», - деді қызмет көрсетуші компанияның техникалық директоры Павел Яковец.
БҰҰДБ хабарлауынша, автоклавтың құны шамамен 100 мың долларды құрайды. Жоба шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде медициналық қалдықтарды тиімді басқару үшін цифрлық деректер базасы әзірленетін болады. Бұл бастама COVID-19 пандемиясы кезінде ғана емес, одан кейін де қажетті медициналық қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесі болады.
«Қалалық денсаулық сақтау жүйесі мен Фтизиопульмонология орталығын осындай заманауи медициналық қалдық өңдеу орталығының ашылуымен құттықтағым келеді. Біздің стратегиялық серіктесіміз – БҰҰДБ-ға осындай мүмкіндік бергеніне алғыс айтамын. Қазір бүкіл әлемнің коронавирустық пандемиямен күресіп жатқанын білесіздер. Соның ішінде біздің елімізде де үлкен жұмыс атқарылды. Барлық медициналық ұйымдар, оның ішінде Фтизиопульмонология орталығы алғашқы күннен-ақ коронавирустық инфекциямен күресуге қатысты. Науқастар жатқан медициналық ұйымдар мыңдаған жеке қорғаныс құралдарын, тонналаған медициналық материалдар мен құралдарды қолданды. Барлық пайдаланылған материалдар қауіпті болып саналады. Енді медициналық қалдықтар осындай зарарсыздандыру және жою орталықтары арқылы өтеді және содан кейін ғана өртеуге немесе тұрмыстық қалдық ретінде жіберіледі», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов медициналық қалдықтардың жеткілікті мөлшерде өртелмей, қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқанын айтты.
«Медициналық қалдықтар жоғары температурада өртелуі тиіс, сонда қоршаған ортаға шығарындылар аз бөлінеді. Аймақтарда медициналық қалдықтардың кәдімгі пештерде немесе орманда өртелетінін көреміз. Әрбір дерек бойынша Экология министрлігі шара қабылдайды және тексеру жүргізеді. Ал бүгін көріп отырған әдіс – өте дұрыс. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, болашақта ірі ауруханаларда қалдықтарды зарарсыздандыратын, осылайша қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында қоршаған орта мен денсаулық үшін қауіпсіз ететін автоклавтарды қою бастамасын көтереміз. Егер медициналық қалдықтар экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес жойылса, олар қоршаған ортаға зиян келтірмейді», - деді вице-министр.
Қазіргі уақытта БҰҰДБ 80 млн АҚШ долларынан астам сомаға жеке қорғаныс құралдары мен медициналық тауарларды сатып алу үшін 88 елге қолдау көрсетті. БҰДДБ мен Азия даму банкінің жаңа бастамасы аясында медицина қызметкерлеріне арналған стандарттар мен нұсқаулықтар әзірленіп, олар емдеу мекемелерінде медициналық қалдықтарды дұрыс жинау, сұрыптау, кәдеге жарату, тасымалдау және мониторинг жүргізу дағдыларын жақсартады деп күтілуде.
Сондай-ақ жоба шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде медициналық қалдықтарды тиімді басқару үшін цифрлық деректер базасы әзірленетін болады. Бұл бастама медициналық қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесінің негізін қалайды, және де COVID-19 пандемиясы кезінде, сондай-ақ пандемия аяқталғаннан кейін де пайдасын тигізеді.