БҰҰ-ға реформа қажет – Мәдина Жарбосынова
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-да еліміздің атынан қызмет еткен, қазақстандық санаулы дипломат әйелдердің бірі Мәдина Жарбосынова Kazinform агенттігіне берген сұхбатында БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі ретіндегі жұмыс тәжірибесімен және жеке көзқарасымен бөлісті.

— Биыл БҰҰ 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Бір ғасырға жетер-жетпес уақыт бұрын әлемдік қоғамдастық жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздік туралы әмбебап шарт жасасты. Бұл шарт бүгінде орын алып жатқан геосаяси өзгерістерді ескерсек, әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Айтыңызшы, бүгінде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетігі ретінде БҰҰ-ны реформалау туралы сөз қозғалып отыр ма?
— Иә, 2025 жылы әлем қауымдастығы бейбітшілікті сақтау мен қалпына келтірудің басты құралына айналған, халықаралық құқық пен адам құқықтарын қорғау жүйесін құрған, даму, климат және кедейшілікті жою мәселелері бойынша жаһандық диалог алаңына айналған Біріккен Ұлттар Ұйымының 80 жылдығын атап өтеді. Бүгінгі таңда БҰҰ жаһандық тәртіпті қамтамасыз ететін негізгі және әмбебап халықаралық институт болып қала берсе де, оның жұмысы жиі сынға ұшырап, реформалар мен жаңа сын-қатерлерге бейімделуді талап етеді деп қабылданады. Ұйымның төңірегіндегі ахуал даңғаза мерекеден аулақ.
Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажеттігі туралы пікірталас ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқанын атап өткен жөн. Ол қырғи-қабақ соғыс аяқталғанып, биполярлық әлем ыдырағаннан кейін басталды және бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Алайда оның мазмұны, қатысушылары мен себептері айтарлықтай айырмашылықтарға ие. Егер 1990 жылдары оның мақсаты БҰҰ-ны жаңа шындыққа бейімдеу (АҚШ пен КСРО арасындағы текетірес жойылған кезде), ұйымды әмбебап және әділетті институтқа айналдыру болса, «жаһандық көшбасшылық» мәселесі күн тәртібіне қойылып, ал талқылау салыстырмалы түрде тұрақты әлем жағдайында жүргізілді. Реформа да қажет деп саналғанымен шұғыл болған емес.
Бүгінде жаһандық қақтығыстар мен дағдарыстардың күшеюі жағдайында талқылау өте сыни сипатқа ие және көптеген мемлекет тарапынан БҰҰ-ның өзіне деген сенім дағдарысы және оның заманауи қақтығыстардың алдын алу әрі жаһандық сын-қатерлерді шешудегі тиімсіздігін сынға алумен байланысты.
Ұйым құрылымына терең өзгерістер енгізуді талап ететін реформалар бойынша үздіксіз ұсыныстар жаһандық оңтүстік елдерінен түсуде: Қауіпсіздік кеңесі құрамын кеңейту, вето құқығын шектеу және шешім қабылдауда Бас ассамблеяның рөлін арттыру. Әрине, бұл ең алдымен жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетігі ретіндегі БҰҰ-ны реформалау қажеттілігіне қатысты.

— Дипломатиялық қызметіңіз басталған сәттен көпжақты бағытта жұмыс істеп, Қазақстанның БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдарға қатысу мәселелерімен жеке айналыстыңыз. Сол кезде қандай басымдықтарға баса назар аудардыңыз?
— Менің көпжақты дипломатияға деген адалдығымды дұрыс атап өттіңіз. Сыртқы істер министрлігіндегі жұмысымның алғашқы күндерінен бастап Қазақстанның БҰҰ құрылымдарымен және агенттіктерімен ынтымақтастығын үйлестірумен айналыстым. Бірақ рұқсат етсеңіз, кішігірім шегініс жасасам: менің БҰҰ-ға алғашқы «кіруім» 20 жыл бұрын болды. Сол кезде төрт студенттен тұратын топтың құрамында БҰҰ штаб-пәтеріне баруға, БҰҰ жанындағы КСРО миссиясының жұмысымен танысуға және келіссөздер жүргізу бойынша қысқаша дайындықтан өтуге мүмкіндік берілді. Мен үшін бұл маңызды және ұмытылмас оқиға еді. Бас ассамблея мен Қауіпсіздік кеңесінің залдарын аралап, әлемдік саясатпен байланыста болғанымызды түсінуден туындаған толқу мен қобалжу есімде қалыпты.
Сонымен бірге бірдеңе туралы әңгімелесіп жатқан ерлер мен бірнеше әйелге қарап, әйтеуір шындыққа жанаспайтын ертегідегі жағдайға тап болдым деп ойлаудың өзі мұң болды. Өйткені, ол уақытта дипломатиялық қызмет әйелдер үшін қолжетімді емес еді. Бірақ, кейін белгілі болғандай, бұл оқиға шешуші сәтке айналды. Тәуелсіз Қазақстанда мен БҰҰ алаңдарында келіссөздер жүргізуге шынайы мүмкіндік алдым. Шынымды айтсам, мен Сыртқы істер министрлігіне ауысқан кезде көпжақты дипломатияны таңдауды әдейі жасаған жоқпын.
Ол сол кезде Сыртқы істер министрлігін басқарған және БҰҰ-ның әлемдік тәртіп мәселелеріндегі ерекше рөлін мойындаған, қазір де Қазақстан Президенті ретінде мойындауды жалғастырып келе жатқан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұсынысы бойынша жасалды. Осы үшін де, БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі етіп тағдыршешті тағайындауы үшін де оған шексіз ризамын.
Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі әлемдік қауымдастыққа ену және интеграциялану міндетін белсенді түрде атқарды. БҰҰ-ның көпжақты тұғырнамасы Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін халықаралық деңгейде мойындауға, республиканың өмірлік маңызды мүдделеріне жататын мәселелерді шешуге қатысуға, Орталық Азияда ғана емес, жалпы құрлықта ұжымдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға — АӨСШК үдерісін бастауға бастамашылық жасауға бірегей мүмкіндік берді.
Біз ядролық қарусыздануды жариялап, ядролық қауіпсіздік пен жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау, Қазақстанның бейбітшілікті сүйетін және халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде оң имиджін нығайту жөніндегі халықаралық бастамалардың белсенді қатысушысы болдық. Сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін шетелдік көмек пен инвестиция тартуды жеңілдету де басым бағытқа айналды.

— БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі ретінде сол кезеңде алдыңызға қандай міндеттер қойдыңыз? Қандай қиындықтарға тап болдыңыз?
— БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі болғаннан кейін БҰҰ алаңын пайдалана отырып, ел басшылығы айқындаған және бұрын айтылған басым сыртқы саяси міндеттерді жүзеге асыру бойынша жұмысты жалғастырдым, Атап айтқанда: халықаралық қауіпсіздік және жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау саласы — Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру бастамасын ілгерілету.
Аймақтық қауіпсіздікті нығайту мақсатында және Ауғанстандағы тұрақсыздық жағдайында Қазақстан есірткінің заңсыз айналымы мен терроризмге қарсы күрес бағдарламалары аясында БҰҰ-мен белсенді ынтымақтастықта болды. 2002 жылы БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннанның сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан аймақтағы қақтығыстардың алдын алу және реттеу мақсатында Орталық Азиядағы превентивтік дипломатия орталығын құру туралы бастама көтерді. Адами капиталды дамытуға, БҰҰ бағдарламаларын ұлттық даму стратегиясына біріктіру арқылы кедейшілікпен күресуге, СПЕКА (Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарлама) әзірлеуге ерекше назар аударылды.
Біз БҰҰ-ға мүше мемлекеттермен және құрылымдармен экологиялық апаттардың салдары бойынша жұмыс істедік. Оған бұрынғы Семей ядролық полигонын оңалту, Арал теңізіндегі экологиялық апаттарды жою үшін халықаралық көмекті тарту кіреді. Әрине, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Қазақстанның халықаралық беделі мен рөлін халықаралық қатынастардың жауапты қатысушысы және Шығыс пен Батыс арасындағы «көпір» ретінде одан әрі арттыру басым болды.
Бізге көпжақты дипломатияда туындаған жалпы қиындықтарды да, БҰҰ-ның жас мүше мемлекеті ретінде тап болған нақты қиындықтарды да еңсеруге тура келді. Бірінші кезекті мемлекеттік міндеттерден басқа, шектеулі қаржыландыру жағдайында кадрлардың әкімшілік-логистикалық мәселелерін де шешу қажет болды. Тіпті, Нью-Йоркте тұратын қызметкерлер мен қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауға да тура келді.
Бұл 2001 жылдың 11 қыркүйегінде Қос зәулім ғимаратқа жасалған шабуылдан кейінгі жалпы хаос пен белгісіздік жағдайында орын алды. Миссия қызметкерлеріне үш айға жуық уақыт бойы өрт пен түтіннің иісімен тыныстауға тура келді. БҰҰ штаб-пәтері мен оның айналасындағы көшелер жарты жылдан астам уақыт бойы қоршалып, арнайы техника мен қауіпсіздік күштерінің қорғауында болды. Жиындарға айналма, арнайы рұқсат етілген бағдарлар арқылы жететінбіз.
Бірақ ұйым ішіндегі ахуалдың өзі бұрын-соңды болмаған бірлік пен жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрі терроризмге қарсы күрес мүдделері үшін ынтымақтастыққа ұмтылысты көрсетті.

— БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Кофи Аннанның Қазақстанға сапарын қалай ұйымдастырғаныңыз туралы айтып берсеңіз… Өткенге көз жүгіртсек, бұл сапар Қазақстан үшін көпжақты дипломатиямыздың дамуы тұрғысынан маңызды болды ма?
— Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкіл ретіндегі жұмысымда алдыма қойған міндеттердің бірі — ел басшылығы мен БҰҰ басшысы арасындағы тұрақты диалог пен байланыстарды қолдау болды. Бұл елдің өзекті мәселелерін шешуде және БҰҰ күн тәртібін жүзеге асыруда ынтымақтастықты нығайту үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның және аймақтың халықаралық аренадағы маңыздылығын білдіретін.
Негізгі сәт Орталық Азия елдерінің БҰҰ-ға мүше болуының он жылдығы болды және мен Орталық Азия елдерінің БҰҰ-дағы миссияларындағы әріптестеріме күш-жігерімізді күшейтуді, жалғыз әрекет етпей, БҰҰ-ның Бас хатшысы Кофи Аннанмен бірлескен кездесуді өтінуді, оны күрделі геосаяси жағдайдағы аймақтық қауіпсіздік жағдайында бірегей тәжірибесімен және жаңа мүмкіндіктері бар елдерге сапарға шақыратынымызды атап өтуді ұсындым. Сондай кездесу өтті. Сонымен бірге мен Кофи Аннанның жанындағылармен келіссөздер жүргізіп, БҰҰ-ның аймақтағы күн тәртібін жүзеге асыру перспективалары туралы идеяларды әзірледім.
Біздің күш-жігеріміз БҰҰ Бас хатшысының аймаққа бірінші сапары туралы көптен күткен шешіммен аяқталды. Бағдарлама бойынша Орталық Азияға сапар Қазақстаннан басталуы керек еді. Сыртқы істер министрлігі Астанаға сапардың бағдарламасын әзірлеп, басшылықпен келіскен-ді. Сапар туралы ақпарат қоғамдық кеңістікке де тарап үлгерді. Мен Қазақстанға ұшуға дайындалып жаттым. Бірақ күтпеген жерден, жоспарланған сапардан екі күн бұрын Reuters агенттігі таңертең Ирак төңірегіндегі жағдайдың нашарлауына байланысты БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия аймағына сапары тоқтатылғанын хабарлады. Бір-екі сағаттан кейін бізді Кофи Аннанмен кездесуге шақырып, сапардың тоқтатылуының себептерін түсіндірді және Бас хатшының көмекшісі мәлімдегендей, мемлекет басшыларына кешірім сұрау хаттары тапсырылмақ.

Шақырылған ер елшілер сапардың тоқтатылғаны туралы хабарды үнсіз тыңдады. Мен эмоциямды ұстай алмадым. Шындығында, мен Бас хатшымен диалогты жалғыз жүргіздім, оның дәлелдеріне өз пікіріммен қарсы шықтым.
Мен оған тікелей сұрақ қойдым: «Кеше түнде Иракта біздің аймаққа келісілген сапарды тоқтататындай не болды? Халықаралық БАҚ-та үрей туғызатын ақпарат жоқ». Ақырында, 45 минутқа созылған кездесудің соңында Кофи Аннан орынбасарларымен сапарға бару-бармау мәселесін талқылауы керектігін айтты. Бірақ бізге сапардан бас тарту туралы хаттар берілген жоқ. Үш сағаттық азапты күтуден кейін маған оның кабинетінің басшысы Икбал Риза мырза қоңырау шалып, Бас хатшының сапарға бару туралы шешім қабылдағанын айтты. Сонымен қатар ол: «Елші ханым, сіз эмоционалды түрде сенімді болдыңыз, менің есімде бірінші рет Бас хатшы халықаралық БАҚ-та тарап кеткен шешімді өзгертті», - деді.
Астанамен уақыт айырмашылығын ескерсек, Сыртқы істер министрлігі сапардың тоқтатылмақ болғаны жайынан да хабарсыз еді.
Осылайша, 2002 жылы БҰҰ Бас хатшысының Қазақстанға алғашқы сапары жүзеге асты. Бұл БҰҰ-мен ынтымақтастығымызды дамыту тұрғысынан маңызды оқиға болғаны және Пан Ги Мун мен Антонио Гутерриштің Қазақстанға кейінгі бірнеше рет сапары үшін «есік ашқаны» сөзсіз.

— БҰҰ жаһандық ұйым ретінде өз қызметін доғару ықтималдығы бар ма?
— Гипотетикалық тұрғыдан бұған жол беруге болады. Егер мұның мүмкін болатын гипотетикалық себептеріне тереңірек үңілсек: мүше мемлекеттердің айтарлықтай бөлігі тарапынан сенімнің жоғалуы және легитимділік дағдарысы; ірі донор елдердің (АҚШ ғана емес, сонымен қатар Қытай, ЕО, Ресей) БҰҰ-ны қаржыландыруын тоқтатуы және соның салдарынан ұйым құрылымдарының жұмысының салдануы; 21 ғасыр сын-қатерлеріне бейімделе алмауы; балама жаһандық құрылымның пайда болуы және басқалары.
Дегенмен, менің ойымша, қазіргі қаржыландыру проблемаларының өзінде мұндай ықтималдық төмен. Ал мен Президентіміз Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлі, оның болмай баламасыздығы және әмбебаптығы туралы жоғары пікіріне қосыламын. Ұйым жан-жақты реформаны қажет етеді және оны күшейту керек. Бірақ, тағы да атап өткім келеді, менің ойымша, БҰҰ-ның тіршілігін толығымен тоқтату ықтималдығы өте төмен. Ұйым өзгеріп, гуманитарлық және экологиялық мәселелерге назар аударуы мүмкін.
Осы орайда, Мемлекет басшысының бастамасымен Алматыда БҰҰ Бас Ассамблеясының Орталық Азия және Ауғанстан елдері үшін орнықты даму мақсаттары орталығын құру туралы жуырда бірауыздан қабылданған қарарының маңыздылығын атап өткім келеді. Дәл осы «орта державалардың» халықаралық ынтымақтастықтағы маңызды ойыншылар ретінде өсіп келе жатқан рөлі ұйымның тұрақтылығы мен тұрақты өмір сүруін қамтамасыз етуге үндейді.