БҰҰ Газа секторындағы ашаршылықты алғаш рет ресми түрде растады

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), ЮНИСЕФ, Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бірлескен баяндамасында Газа секторындағы апатты ашаршылық жайлы алғаш рет ресми мәлімдеме жасалды, деп хабарлайды Kazinform.

БҰҰ Газа секторындағы ашаршылықты алғаш рет ресми түрде растады
Фото: Mohammed Salama / TAСС

Біріктірілген азық-түлік қауіпсіздігі фазасының классификациясы (IPC) жариялаған жаңа есеп Газадағы жарты миллионнан астам адамның ашаршылықпен бетпе-бет келгенін айтады. Жұт алдағы апталарда солтүстіктегі Газа губернаторлығынан Дейр әл-Балах пен Хан Юниске жетуі мүмкін.

Ашаршылық үш деңгейлі шекке жеткен: азық-түлік тапшылығы, жеткіліксіз тамақтану және әлсіздіктен болатын өлім.

Алдын ала болжам бойынша қыркүйек айының соңына қарай Газадағы 640 мыңнан астам адам азық-түлік тапшылығының апатты деңгейіне тап болады (5-кезең). Тағы 1,14 миллион адам төтенше жағдайда (4-кезең) және 396 мың адам дағдарыста болады (3-кезең). 

Шілде айында ғана балалар арасында аштықтың 12 мыңнан астам жағдайы анықталды. Бұл рекордтық ең жоғары көрсеткіш және жыл басынан бері 6 есе өскен. Ол азық-түліктің жетіспеушілігінен балалардың төрттен бір бөлігі зардап шегеді деген сөз.

Аталған мәлімдемеге түсінік берген БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Газадағы ашаршылықты «адам қолымен жасалған апат, моральдық үкім және адамзатқа төнген қатер» деп атады.

– Ашаршылық жай ғана азық-түлік тапшылығы емес, бұл адамның өмір сүруіне қажетті жүйелердің қасақана күйреуі. Адамдар аштыққа ұшырап, қырылуда. Балалар өліп жатыр. Ал әрекет ету керек адамдар бейқам отыр, - деді БҰҰ басшысы.

Ол Израильдің басқыншы держава ретінде халықаралық құқық бойынша нақты міндеттемелері бар екенін, соның ішінде халықты азық-түлік пен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету міндетін де қайталады.

Бас хатшының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары және БҰҰ-ның Төтенше көмек көрсету жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер «бұл ашаршылық ең алдымен осал топтағы адамдарға тиеді» деді.

– Әр нәрсенің өз атауы, тарихы бар. Аштық адамның өмірін қимас бұрын, оның қадір-қасиетін жояды. Бұл адамдарды азық-түлік іздеп өз өмірлерін қатерге тігуге мәжбүр етеді, - деді ол.

Флетчер барлық шекаралық өткелді тез арада ашуға және БҰҰ-ны анклавқа азық-түлік пен басқа да заттарды кедергісіз және қажетті мөлшерде жеткізуге шақырды. 

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк те Газада ашаршылық жариялануына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, дағдарыс «Израиль үкіметінің іс-әрекеттерінің тікелей нәтижесі», ол «гуманитарлық көмек пен бейбіт тұрғындардың өмір сүруіне қажетті басқа да тауарлардың кіруі мен таралуын заңсыз шектеген».

– Соғыс әдісі ретінде аштықты пайдалану қылмыс саналады және оның салдарынан болған өлім де қасақана кісі өлтіру қылмысын құрауы мүмкін, - деді Тюрк мәлімдемесінде.

Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры (ЮНИСЕФ), Дүниежүзілік Азық-түлік бағдарламасы (WFP) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) бірлескен мәлімдеме жасап, шұғыл және жаппай гуманитарлық әрекет ету қажеттігін еске салды. 

Бұған дейін Израиль билігі ХАМАС капитуляциядан бас тартса, Газа қаласын жойып жібереміз деп қорқытты. 

Соңғы жаңалықтар