БҰҰ: Газадағы бүкіл халық азық-түлік тапшылығына ұшыраған

АСТАНА. KAZINFORM — Газаның қоршаудағы секторындағы бүкіл халық өткір азық-түлік тапшылығын бастан кешіріп отыр. Бұл туралы БҰҰ жариялаған «2025 жылғы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану» атты баяндамада айтылған, деп хабарлайды Анадолы

БҰҰ: Газадағы бүкіл халық азық-түлік тапшылығына ұшыраған
Фото: Анадолы

Құжатты БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP), Ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі халықаралық қор (IFAD), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) бірігіп дайындаған.

2024 жылы әлемде аштыққа ұшырағандар саны – 673 млн адам

Баяндамада 2024 жылы әлем халқының 8,2 пайызы, яғни шамамен 673 миллион адам аштыққа ұшырағаны көрсетілген. Салыстыру үшін: 2023 жылы бұл көрсеткіш 8,5 пайызды, ал 2022 жылы – 8,7 пайыз болған. 2023 жылмен салыстырғанда аштыққа ұшырағандар саны 15 млн адамға, ал 2022 жылмен салыстырғанда 22 млн адамға азайған.

Жаһандық аштық деңгейінің біршама төмендегеніне қарамастан, баяндамада Африка мен Батыс Азияда жағдайдың күрделене түскені атап өтіледі.

Азия мен Латын Америкасында ахуал жақсарды

Оңтүстік Азия мен Латын Америкасында елеулі оң өзгерістер байқалады. Азияда тамақтанудың жеткіліксіздігі 2022 жылғы 7,9 пайыздан 2024 жылы 6,7 пайызға дейін төмендеген (323 млн адам). Ал Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде бұл көрсеткіш 2020 жылы 6,1 пайыз болған болса, 2024 жылы 5,1 пайызға дейін азайған (шамамен 34 млн адам).

2030 жылға қарай 512 млн адам созылмалы аштыққа ұшырауы мүмкін

Баяндамада 2030 жылға дейін созылмалы аштыққа 512 миллион адам ұшырауы мүмкін екені жазылған. Олардың 60 пайызға жуығы Африка құрлығында өмір сүреді деп болжанып отыр.

Жаһандық деңгейде кейбір өңірлердегі оң өзгерістер азық-түлік дағдарысы ұдайы жалғасып жатқан Африка мен Батыс Азия елдеріндегі ахуалмен күрт қарама-қайшы. Африкада 2024 жылы халықтың 20 пайыздан астамы аштыққа ұшырап, бұл көрсеткіш 307 млн адамнан асқан. Ал Батыс Азияда 12,7 пайыз немесе 39 млн адам аштық шегінде болған.

Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ТДМ-ді орындау мүмкін болмай тұр

2023–2024 жылдар аралығында азық-түлік қауіпсіздігінің орташа және ауыр деңгейі жаһандық ауқымда 28,4 пайыздан 28 пайызға азайғанымен, бұл әлі де өте жоғары көрсеткіш – 2,3 млрд адам. Бұл – COVID-19 пандемиясына дейінгі 2019 жылмен салыстырғанда 335 млн адамға, ал 2015 жылмен салыстырғанда 683 млн адамға артық.

Газа секторы – ең ауыр жағдайдағы өңір

2024 жылы азық-түлік дағдарысына ұшыраған 53 ел мен өңірде 295 миллион адам өткір азық-түлік тапшылығына душар болған.

Олардың 35 миллионнан астамы азық-түлік қауіпсіздігінің Интеграцияланған фазалық жіктеу жүйесі (IPC) бойынша 4-деңгейде – төтенше жағдай шегінде, ал 2 миллионға жуығы 5-деңгейде – аштық жағдайында өмір сүріп жатыр.

Ең көп зардап шеккен бес ел – Нигерия, Судан, Конго Демократиялық Республикасы, Бангладеш және Эфиопия.

Ал ең жоғары үлес бойынша Палестина (Газа секторы), Оңтүстік Судан, Судан, Йемен және Гаити көш бастап тұр. Газада халықтың 100 пайызы, Оңтүстік Судан мен Суданда – жартысынан астамы, ал Йемен мен Гаитиде – халықтың жартысына жуығы жоғары деңгейдегі азық-түлік тапшылығына ұшыраған.

2024 жылы 5 ел мен өңірде 2 млн адам аштық шегіне жеткен (5-деңгей IPC). Оның жартысынан көбі – 1 106 900 адам – Газада тұрады. Бұл 2023 жылғы соңында болжаған 576 мың адамнан екі есеге жуық көп. Бұл – IPC тарихындағы бір елде тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Қаржыландырудың қысқаруы – миллиондаған адамға көмектің тоқтауына әкеледі

Баяндамада халықаралық ұйымдардың өкілдерінің пікірлері де келтірілген. ДДҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус соңғы жылдары балалар арасындағы бой өсуінің тежелуі мен емшекпен емізу көрсеткіштері бойынша жетістіктер бар екенін атап өтті.

– Дегенмен, азық-түлік қауіпсіздігі мен аштық мәселесі әлі де әлем бойынша миллиондаған адамды қамтып отыр. Бұл баяндама үміт беретін мәліметтермен қатар, олқылықтар мен назардан тыс қалған өңірлерді анықтап, қай бағытқа күш салу қажет екенін көрсетеді, – деді ол.

WFP атқарушы директоры Синди Маккейн азық-түлік тапшылығының деңгейі өте жоғары болып тұрғанын, ал оған бөлінетін қаржы қысқарып жатқанын айтты.

– Өткен жылы WFP 124 млн адамға азық-түлік көмегін көрсетті. Алайда биыл 40 пайызға қысқарған қаржыландыруға байланысты ондаған миллион адам осы өмірлік маңызды көмектен қағылып отыр, – деді ол.

Оның айтуынша, азық-түлік тапшылығының аздап азаюы – үміт беретін жайт, алайда ең мұқтаж жандарға тұрақты түрде көмек көрсетілмеуі – осы жетістіктерді жоққа шығарып, әлемнің әлсіз аймақтарында тұрақсыздықты күшейтуі мүмкін.

Соңғы жаңалықтар