БҰҰ қанша қақтығыстың алдын алғанын ешкім есептеген жоқ — ҚСЗИ директоры

АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ қазіргі форматта сақтала ма, ұйымның әлемдегі рөлі қандай және қандай реформалар қажет? Бұл сауалға Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) директоры Еркін Тұқымов Jibek Joly телеарнасының «Уәде» бағдарламасына берген сұхбатта жауап берді.

БҰҰ қанша қақтығыстың алдын алғанын ешкім есептеген жоқ
Фото: Дияр Бексұлтанов

БҰҰ-ға (Бірікке ұлттар ұйымы) реформалар қажет пе?

Еркін Тұқымовтың айтуынша, бүгінде БҰҰ-ны реформалау туралы ұсыныстар жиі көтеріледі, бірақ ұйымның қажеттілігіне ешкім күмән келтірмейді.

— БҰҰ-ның қауіпсіздік кеңесінде Үндістан, Бразилия, Түркия сияқты елдер жоқ. Мен олар міндетті түрде кіруі керек деп отырған жоқпын, бірақ бұл жерде сұрақ көп. БҰҰ-да уақыт өте келе кез келген ұйым сияқты бюрократияланып, өзін-өзі қамтамасыз етуге бейімделеді. Қазір құрылымы тым бюрократияланған, — деді Е. Тұқымов сұхбат барысында.

Сарапшы БҰҰ-ға қатысты ықтимал реформаларының бірі ретінде оның штаб-пәтерін неғұрлым бейтарап елге көшіру деп санайды.

БҰҰ қанша қақтығыстың алдын алғанын ешкім есептеген жоқ
Фото: Дияр Бексұлтанов

— Неге әлі күнге дейін БҰҰ-ның штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан? Мүмкін, оны бейтарап елге, мысалы, Қазақстанға көшіру керек шығар. Менің ойымша, бұл біздің елге үлкен өзгеріс әкеледі, — деп пікір білдірді саяси институт басшысы.

Тележүргізуші Қазақстан мұндай жауапкершілікті қабылдауға дайын ба деп сұрағанда, спикер:

— Менің ойымша, біз бұл міндетті орындай аламыз. Оған қажетті ресурстар жеткілікті. Себебі бұл қадам еліміздің қауіпсіздігіне, имиджіне және экономикасына үлкен пайда әкеледі. Біз Еуразияның дәл ортасында, тіпті әлемнің орталығында орналасқан елміз. Неге штаб-пәтер дәл осы жерде болмасқа? — деп жауап берді Е. Тұқымов.

Оның айтуынша, бұл мәселе тек Қазақстанға ғана қатысты емес, сонымен қатар БҰҰ жұмысына жаңа жағдай жасауға бағытталған.

— Мен бұл ұсынысты БҰҰ-ны жаңғырту тұрғысынан айтып отырмын. Себебі Қазақстан секілді бейтарап елде орналасқан жағдайда, ұйымның жұмыс істеу жағдайы мүлде өзгеше болар еді. Бұл тек Қазақстан үшін емес, БҰҰ-ның өзіне де тиімді болар еді. Дегенмен бұл ұсынысты бір ғана нұсқа ретінде қарастырған жөн, — деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматыда БҰҰ-ның өңірлік хабын құру туралы бастама көтергенін еске салды.

— Президент Алматыда БҰҰ хабын құру бастамасын ұсынды. Бұл бастама қазір жүзеге асырылып жатыр, оған Орталық Азияның барлық елі, тіпті Ауғанстан да кіреді. Бұл — ауқымды бастама және қазірдің өзінде БҰҰ жүйесінің өңірлік орталықтарының біріне айналудамыз, — деп атап өтті Еркін Тұқымов.

Одан бөлек, сарапшы БҰҰ-ның соғыстардың алдын алудағы рөліне тоқталды.

Сұхбат барысында тележүргізуші өткен жылы әлемде 28 қарулы қақтығыстың тіркелгенін, оның 25-і әлі күнге дейін шиеленісіп жатқаны туралы статистика келтірді.

— Адамзат тарихы — соғыстар тарихы. БҰҰ құрылғалы бері оның жарғысында соғыстардың алдын алу ең басты мақсат ретінде көрсетілген. 80 жыл ішінде ұйым әлемдік ауқымдағы соғыстардың алдын алу міндетін орындады, — деп атап өтті ҚСЗИ директоры.

Еркін Тұқымовтың айтуынша, 1945 жылдан бері әлемде шамамен 250 қарулы қақтығыс миллиондаған адамның өмірін жалмады.

— Алайда БҰҰ қанша қақтығыстың алдын алды, егер бұл ұйым болмаса, әлем қандай болар еді, оны ешкім есептеген жоқ. Менің ойымша, ұйым болмаған жағдайда әлем мүлде басқаша болар еді. БҰҰ қанша жерден сынағанымен, менің ойымша, сынның көбісі орынды. Өйткені соңғы 80 жылда әлем өзгерді, ал БҰҰ құрылымы қазіргі күштердің тепе-теңдігіне толық сәйкес келе бермейді, — деді сарапшы.

Оның пікірінше, БҰҰ-ны тек сақтап қалу ғана емес, оны жаңғырту да маңызды. Бұл ұйымның XXI ғасырдағы жаһандық қауіпсіздік саласындағы тиімді құралы болып қалуын қамтамасыз етеді.

Бұған дейін Еркін Тұқымов НАТО-ның тұтастығына қатысты пікір білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар