БҰҰ Қазақстан Президентінің діндер басшыларының съезін өткізу жөніндегі бастамасын жан-жақты қолдайды - С. Орджоникидзе

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Президент мырзаның халықаралық қоғамдастық үшін өте маңызды және өте керекті бастамасын қолдайтынын айтқым келеді. Бұл бастама адамдардың, діндердің, соңғы нәтижеде мемлекеттердің арасындағы байланыстарды жақсартуды көздейді», деді бүгін Ақордада Елбасы Н. Назарбаевпен кездескеннен кейінгі брифингте БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімінің Бас директоры Сергей Орджоникидзе.
Оның айтуынша, кездесу барысында діндер басшылары съезі жайлы әңгіме болған. «Съезді өткізу жөніндегі идея өте тамаша. Ол үлкен резонанс туғызды. Мен үшінші съезге қатысып отырмын. Съезд өткізілген сайын оның тиімділігі мен нәтижелілігі жоғары қарқын алып келеді. Себебі мен әлемдік діндер басшыларының ортақ тіл табысып жатқанын көріп отырмын. Бұл өте маңызды. Өйткені түпкі нәтижеде дінге сенетін адамдар, олардың саны әлемде өте көп, олар басшыларының айтқандарына құлақ асады», деді С. Орджоникидзе.
Ол БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде Президент Назарбаевтың бастамасын моральдік-саяси тұрғыдан қолдау үшін съезге қатысып отырғанын атап көрсетті. «Мен мұндай бастама келешекте жан-жақты дамуы тиіс деп есептеймін. Бұл бастама адамдар мен мемлекеттердің арасындағы қарым-қатынастың сипатына салмақты әсер етуі тиіс», деді мәртебелі мейман.