БҰҰ миссиясы: Голан жоталарына аттанатын үшінші ұлттық бітімгерлік контингент толық дайын
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыға жұмыс сапары барысында Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов БҰҰ-ның Голан жоталарындағы миссиясына баруға дайындалып жатқан 3-ші ұлттық бітімгерлік контингенттің әскери қызметшілерімен кездесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.
Бөлімше командирі подполковник Ілияс Алматов жеке құрамның қойылған міндеттерді орындауға әзірлігі туралы баяндады.

— Дайындық халықаралық стандарттарға сай жүргізілуде. Жеке құрам миссия аймағына аттануға толық дайын, — деді ол. Әскери қызметшілерге арнаған сөзінде қорғаныс министрі алдағы миссияның маңыздылығын атап өтті. — Бітімгерлік операцияға қатысу — үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Қазақстандық контингент ел басшылығы мен БҰҰ миссиясы қолбасшылығының сенімі мен құрметіне ие. Сіздер елімізді лайықты түрде танытасыздар деп сенемін, — деді авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.
Министр сондай-ақ жауапкершілік аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қазақстандық бітімгерлердің қосқан үлесін атап өтті.

Сол күні Армия үйінде «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ басқарушы директоры Нұркен Ержанов министрге Defence Tech кеңсесін таныстырды. Бұл – қорғаныс саласына арналған көпфункционалды инновациялық хаб. Аталмыш орталық қорғаныс саласына қажетті перспективалы әзірлемелерді іздеу және іріктеу, идеядан бастап прототип жасауға және пилоттық жобаға енгізуге дейін қолдаумен айналысады. Сонымен қатар Қорғаныс министрлігінің ведомстволық ұйымдарымен, ғылыми қауымдастықпен және стартап-экожүйемен өзара іс-әрекетті қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, БҰҰ Қазақстанға бітімгерлік миссияға жылына 5 млн доллар төлем жасайды.