17:38, 02 Шілде 2009 | GMT +5
БҰҰ Н.Назарбаевтың тамыздың 29-ын ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялау туралы бастамасын қолдайды - «Синьхуа» агенттігі
БЕЙЖІҢ. Шілденің 2-сі. ҚазАқпарат - БҰҰ Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тамыздың 29-ын ядролық қарудан бас тартудың бүкіләлемдік күні деп жариялау туралы бастамасын қолдайды. Бұл туралы «Синьхуа» агенттігі бүгін БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидзенің сөзіне сілтеме жасап хабарлайды.

«БҰҰ және Ұйымның Бас хатшысы Н.Назарбаевтың тамыздың 29-ын ядролық қарудан бас тартудың бүкіләлемдік күні деп жариялау туралы бастамасын сөзсіз қолдайды», - деді С.Орджоникидзе Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезі ауқымында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында.
Бұдан бұрын маусым айының ортасында Н.Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымына осындай ұсыныс жасаған болатын, деп атап өткен «Синьхуа» агенттігі.
1991 жылғы тамыздың 29-ында Н.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан аумағында 1949 жылдан 1989 жылға дейін жұмыс жасап келген әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигоны жабылды. 40 жылдың ішінде онда 500-ге тарта ядролық сынақ жарылыстары жасалды, деген деректерді келтірген «Синьхуа» агенттігі.