БҰҰ-ның келесі Бас хатшысы лауазымына тағы екі кандидат ұсынылды
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Бас Ассамблеясы төрағасының ресми сайтында жарияланған құжаттарға сәйкес, әлемдік ұйымның келесі бас хатшысы лауазымына тағы екі кандидат ұсынылды, деп хабарлайды Синьхуа.
Қазіргі уақытта Африка Одағына төрағалық ететін Бурунди Сенегалдың бұрынғы президенті Маки Саллды, ал Коста-Рика экономист, бұрынғы вице-президент Ребека Гринспенді ұсынды.
Осымен Бас хатшы лауазымына үміткер төрт кандидат бар. Бұған дейін Чили, Бразилия және Мексика ұсынған Чилидің бұрынғы президенті Мишель Бачелет және Аргентина ұсынған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) қазіргі бас директоры Рафаэль Гросси үміткер ретінде тіркелген болатын.
БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Анналена Бербок БҰҰ-ға мүше мемлекеттерге жолдаған хатында 20 сәуірде бастап бір аптаға жоспарланған үміткерлермен интерактивті диалог жүргізу тәртібін жариялады.
Диалогтар БҰҰ-ның үш негізгі тірегі төңірегінде құрылады: бейбітшілік пен қауіпсіздік, адам құқықтары және даму. Хатқа сәйкес, әрбір үміткер өз көзқарасын ұсынып, одан кейін мүше мемлекеттер сұрақтар қойып, талқылауға қатысады.
Сондай-ақ хатта үміткерлер қатысуға құқылы болуы үшін интерактивті диалогтар басталғанға дейін және 1 сәуірден кешіктірмей ұсынылуы керектігі атап өтілген.
Еске сала кетейік, БҰҰ жаңа Бас хатшыны сайлау процесін бастады. Ұйымның қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутерриштің мандаты 2026 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады.