БҰҰ-ның теңізге шыға алмайтын дамушы елдер конференциясы Түрікменстанда өтеді
АШХАБАД. KAZINFORM – Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Рабаб Фатимамен кездесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

Келіссөз барысында Рашид Мередов Түрікменстан Біріккен Ұлттар Ұйымымен стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін білдірді. Сонымен қоса, тараптар биыл Ашхабадта өтетін БҰҰ-ның теңізге шыға алмайтын дамушы елдер конференциясын жоғары деңгейде ұйымдастыру мәселесін талқылады.
— Тараптар аталған іс-шараның әлемдік аренадағы маңызына айрықша екпін түсірді. Конференция биыл екінші жартыжылдықта өтеді. Оның аясында бірқатар маңызды құжаттарды қабылдау жоспарланып отыр, — делінген ведомствоның хабарламасында.
Айта кетейік, конференцияға теңізге шыға алмайтын дамушы 32 елдің өкілдері, оның ішінде Орталық Азия мемлекеттері қатысады. Іс-шара 10 жылда бір рет өткізіледі.
Ең алғашқы конференция 2003 жылы Алматы қаласында ұйымдастырылған. Бұған қоса, Қазақстан 2020-2021 жылдар аралығында теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобына төрағалық етті.