БҰҰ өкілі әлемде діни нысандарды қирату әрекетін сынға алды
АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Өркениеттер альянсының (АҚШ) директоры Нихал Саад дүниежүзіндегі діни нысандарды қорғаудың маңыздылығы туралы айтты.

Оның айтуынша, Қазақстанда ғасырлар бойы әлемдік діндердің және этностардың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді.
- Қазақстан саяси және діни салалардағы диалогты ілгерілетіп, халықаралық саясат пен Съездің қызметі арқылы өз шекарасынан тыс жерлерде халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтып келеді. Сонымен қатар, Қазақстан халықтар мен әртүрлі мәдени топтардың арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы миссиямызды қолдайтын маңызды серіктесіміз, - деді Нихал Саад Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі хатшылығының XXIII отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, Съезді және БҰҰ Альянсын жанжалдарды шешу үшін диалогты қолдайтын және бейбітшілік үшін түсіністік пен ынтымақтастықты ілгерілететін көптеген ортақ мақсаттар біріктіреді.
Сондай-ақ Альянс директоры Қазақстанға діни нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.
- Ол 2019 жылдың қыркүйегінде әзірленді. Альянстың іс-қимыл жоспары діни нысандарға жасалған шабуылдарға жауап беруге арналған. Жаһандық күш-жігерге қарамастан, біз дүниежүзінде діни нысандарға бірнеше шабуылды көрдік. Альянс барлық ғибадат орындары террор мен қантөгіс нысандары емес, адамдарға пана ретінде болуы керек екенін алға тартып отыр. Адамдар өз наным-сенімдерін тыныштықта және ешбір үрейсіз жүзеге асыра алуы керек, - деді Нихал Саад.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев халықаралық қауіпсіздік бойынша барлық әрекет БҰҰ жарғысына сәйкес болуы тиіс екенін айтты.