БҰҰ өкілі: Қазақстан Үкіметі 2024 жылғы тасқын кезінде табиғи дағдарысты шешуге қабілетті екенін көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM – Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мемлекеттер тасқын сияқты табиғи дағдарыстарды бірлесіп еңсеру керектігін айтты. 

БҰҰ өкілі: Қазақстан Үкіметі 2024 жылғы тасқын кезінде табиғи дағдарысты шешуге қабілетті екенін көрсетті
Фото: Есімжан Нақтыбай/Kazinform

— 2024 жылы Қазақстан жүздеген мың адамға әсер еткен ауқымды тасқынды бастан өткерді. Бұл елдегі онсыз да тасқынға осал су жүйесі мен экожүйесіне қысым көрсетті. Қазақстан Республикасының Үкіметі өзінің мұндай проблемалар мен табиғи дағдарысты шешуге қабілетті екенін және институционалдық мүмкіндіктерін паш етті, — деді ол Су секторын дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында.

Сондай-ақ, ол климаттың өзгеруінен туындап жатқан табиғи сын-қатерлерді өзара ықпалдастық арқылы шешудің маңызы зор екенін айтты.

— Бірақ бұл Қазақстан ауыртпалықты жалғыз еңсеру керек деген сөз емес. Халықаралық ықпалдастық пен техникалық әріптестіктің маңызы зор, — деді Катаржина Вавьерниа.

Аталған үйлестіру кеңес отырысының қорытындысы бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігі халықаралық серіктестермен бірқатар құжатқа қол қояды деп жоспарланған.

Айта кетелік Катаржина Вавьерниа Қазақстан Парламентінде әйелдердің үлесі аз деген еді

 

Соңғы жаңалықтар