Қазақстан Парламентінде әйелдердің үлесі аз – Катаржина Вавьерниа

Катаржина Вавьерниа
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазмедиа орталығында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Заманауи мемлекеттік қызмет: тең жағдайлар мен мүмкіндіктер» тақырыбында пікір алмасу өтті.

Жиында сөз алған БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа Қазақстан парламентіндегі әйелдердің үлесі көңіл көншітпейтінін айтты.

жиын
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Бұл жөніндегі Парламентаралық одақ ассамблеясының рейтингінде Қазақстан былтыр 1 қаңтардағы жағдай бойынша 186 елдің арасында 84-ші орынға тұрақтаған. Өткен жылдың көктемінде әйел дипломаттар санының азаюы Қазақстанды 120-орынға немесе одан да төмен орындарға сырғытуы мүмкін.

Десе де, Катаржина Вавьерниа саяси аренадағы әйелдер үлесінің аз болуы әлемнің көптеген елдеріне ортақ үрдіс екенін атап өтті.

«Қазақстан жаһандық өзгерістерден қалмай, гендерлік саясат бағытында жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Ел саясатында, мемлекеттік қызмет саласында әйелдердің үлесі артуда. Десе де, атқарылар шаруа аз емес. Әйелдердің саяси рөлін арттырудың ең танымал әдістерінің бірі - гендерлік квоталар. Бұл бағытта қазақстандық модель ерекшеленеді. Себебі жастар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың саяси аренаға жолдама алуына мүмкіндік беріледі», - деді ол.

жиын
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Жиында мемлекеттік қызметтегі тең жағдайлар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелері талқыланып, гендерлік теңдік, таланттар бәсекелестігі жағдайындағы жастардың мансаптық ілгерілеуі, инклюзивті қоғамды дамыту бойынша құқықтық негіздерді одан әрі қалыптастыруға бағытталған ұсыныстар айтылды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Салауат Мүксімовтің мәліметінше, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің жалпы санының 55,7 пайызын әйелдер құрайды. Олардың басшы лауазымдар арасындағы үлес салмағы – 39,4 пайыз.

Сондай-ақ, жиында Әдеп нормаларын сақтауды қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі туралы айтылды. Бүгінде Әдеп жөніндегі уәкілдердің 38% әйелдер екен. Жалпы, мемлекеттік қызметтегі әйелдер әдептілік стандарттарын сақтай отырып, жауапкершілік пен құзіреттіліктің жоғары деңгейін көрсетіп отыр.

жиын
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Елімізде қашықтықтан және икемді жұмыс уақыты режимінде жұмыс істеу белсенді қолданылуда. Бұл, әсіресе, жас балаларды тәрбиелеп отырған аналарға өз кәсіби міндеттерін жеке өмірімен тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді. Осы форматтағы жұмыс кестесін қолданушы 3024 мемлекеттік қызметшінің 63 пайызын әйелдер құрайтынын атап өткен жөн.

Соңғы жаңалықтар
telegram referendum