БҰҰ операцияларында ҰҚШҰ күштерін қолдану тәртібі айқындалды
Хаттамаға 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында қол қойылды. Құжаттың мақсаты - ҰҚШҰ мүшесі саналмайтын мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияларында ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін қолдану тәртібін айқындау. Хаттама аясында «үйлестіруші мемлекет» деген ұғымы енгізіледі.
«Қолданыстағы нормативтік–құқықтық актіге, бітімгершілік туралы келісімге хаттама арқылы түзетулер енгізу бітімгершілік қызметінің құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Мәселені ретке келтіру барысында халықаралық ұйымдардың бітімгершілік операцияларына қатыса алмайтындығы анықталды. Осыған байланысты ұйым мүшелерінің бірі үйлестіруші мемлекет ретінде әрекет етеді, ал қалғандары қажет болған жағдайда оған қосыла алады деген шешімге келді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше емес мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымы бастамасымен жүргізілетін бітімгершілік операцияларында ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін қолдану тәртібі нақты айқындалды. Үйлестіруші мемлекет мәртебесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша кез келген мүше мемлекетке берілуі мүмкін», - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Оның айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысу үшін Хатшылықтың мақұлдауымен үйлестіруші мемлекетке квота бөлінеді. Квота алғаннан кейін ғана Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сол елді Үйлестіруші мемлекет ретінде мақұлдай алады. Үйлестіруші мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымы қаражаты есебінен логистика, контингентті тасымалдау және қаржылық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
«Әрбір (ҰҚШҰ-ға мүше) мемлекеттің Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысуы ерікті және қатысу дәрежесін дербес шешеді. Жоғарыда аталған құжат Қазақстан Республикасының мүдделеріне сәйкес келеді және Ұжымдық күштерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ жедел және уақытылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Негізінен, Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бітімгершілік процесіне белсенді түрде қатысып келеді және аталған хаттаманы ратификациялау біздің еліміз үшін маңызды құжат болып отыр. Сенаттың тұрақты комитеттерінен осы Заң бойынша ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ», - деді депутат.