БҰҰ реформасы: Қазақстан қандай шешім ұсынады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір Біріккен ұлттар ұйымының институционалдық деңгейіне қатысты сын көп. Әлем елдеріне оның саяси-құқықтық босаң позициясы, әскери қақтығыстарды айыптаудан әрі аспайтын әрекеті ұнамайды. Мемлекет басшысы да ұйымның геосаяси оқиғаларды реттеуде қауқарсыз екенін бірнеше мәрте қынжыла айтқан болатын, енді Нью-Йорк қаласында өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында ұйымды реформалауға қатысты Қазақстан көзқарасын білдірмек. Kazinform тілшісі бұған дейін еліміз жиында нендей мәселе көтергенін және ұйымның келешек тағдырын талдап көрді.

Жолайрық: Дағдырыс бастауы ма, даму кезеңі ме?
9 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы басталды. Жыл сайын өтетін жиынның ретімен өлшесек, биыл – ұйымға 80 жыл. Осы аралықта БҰҰ бірнеше дәуірді бастан өткерді: соғыстан қажыған елдердің басын қосқан бітімгер шағы; ортақ ұстанымы озбыр билеушілерге жақ аштырмаған айбарлы дәуірі; көмекке мұқтажға қолдау көрсеткен ізгілік ізі бар.
Алайда кейінгі уақытта ұйым құлдырау кезеңіне қадам басқан. Саяси-экономикалық баяндамалар үстел үстінде қалып, қабылданған резолюцияларға мән беріп жатқан ел шамалы. Оның үстіне геосаяси мүдделердің ықпалымен құрылған эконоикалық және әскери альянстардың қатары артуда. Мұндай үрдіс келешек ғаламық тәртіп пен әділдік қағидасына қатер тудыруы ықтимал.
Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ға балама іздеуге немесе ұйым маңызын құнсыздандыруға қарсы. Керісінше, олқылықты шешу үшін кешенді реформа қажет деген ойда.
– Геосаяси дүрбелеңдер мен қақтығыстар белең алып, климаттық өзгерістер күрделенген және азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген шақта Біріккен Ұлттар Ұйымы әлемдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтауда басты рөл атқаруға тиіс. Қазақстан үшін БҰҰ халықаралық тәртіптің баламасыз әрі басты тірегі болып қала береді. Еліміз Ұйымға кірген сәттен бастап, 33 жыл бойы халықаралық қоғамдастықтың жауапты, белсенді әрі бейбітсүйгіш мүшесі екенін жан-жақты танытып келеді, – деді Президент.

Сонымен, ұйымның дағдарыс кілтипаны неде? Алдымен осы сауалға жауап іздеу керек. Кейінгі реформаның бағыты сұрақтың жауабына тәуелді болмақ.
Сарапшылар бірінші себепті ұйым абыройынан іздеуде. Бұрын өңірлік қақтығыстарда БҰҰ-ның соңғы сөзі үкім саналатын. Қазір шығыс пен батыстағы әскери шиеленістер кезінде ұйым ұстанымы ескеріле бермейді. БҰҰ-ның Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығысқа әсер ете алмауы да ғалам алдындағы беделінің бүгінгі көрінісі десек артық емес.
Екіншіден, халықаралық бірлестік/ұйымдардың көбеюі жағдайды ушықтырып отыр. G20, ҰҚШҰ, БРИКС, ШЫҰ секілді альянстар өзара бақталастыққа ұмтылып, саяси-экономикалық тоқырауға әкелді. Мұның нақты мысалын ұйым отырысындағы дауыс беру кезеңінен байқауға болады. Өзге ұйымдағы көзқарас, ортақ ақша-несие саясаты секілді факторлар БҰҰ-дағы алауыздыққа итермелеп отыр.
Үшіншіден, бюрократиялық кедергілердің де маңызы зор. Қазір қағазбастылық пен нәтижесіз жиын-кездесудің «отанына» айналған ұйым өз жолын өзі байлауда. Өткен айда БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш келтірген статистикаға сенсек, ұйымның 80 пайыз есебін ешкім оқымайды. Бас хатшы сынай сөйлеп, жүйедегі келеңсіздікті ашып айтқан еді.
Оның сөзінше, тек өткен жылдың өзінде БҰҰ 240 органның қатысуымен 27 мың жиналыс өткізген. Ал БҰҰ хатшылығы 1100 баяндама әзірлеген – 1990 жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп. Алайда жиындардың нәтижесі аз, баяндамаларды оқып жатқан адам жоқтың қасы.
– Жиын мен есептің көптігі жүйені – барлығымызды – шегімізге жеткізеді. БҰҰ есебінің көбі оқылмайды. Ең танымал деген құжаттың 5 пайызы 5500 реттен артық жүктеледі, ал әрбір бесінші есеп 1000 реттен аз жүктеледі. Оның үстіне жүктеу оқылды дегенді білдірмейді, – деді Антониу Гутерриш.
Бюджет тапшылығы – 5,1 млрд доллар
Қаржылық қиындықты дағдарыстың бір бөлігіне жатқызуға болатын секілді. Ең ірі бюджеттік донор саналатын АҚШ ұйымға 2,7 млрд доллар берешек: тұрақты бюджетке міндетті төлемдері бойынша– 1,5 млрд доллар, бейбітшілікті қолдау бойынша операцияларға – 1,2 млрд доллар қарыз. Жалпы қазір БҰҰ-да тұрақты бюджетке 2,4 млрд доллар және бітімгершілік қызметке 2,7 млрд доллар төленбеген жарна бар.
Қаржы жетіспеуінен қызметкерлерді қысқарту белең алған. Жыл басында Швейцария, Тайланд, Мьянмада қысқарту жүрді, Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым тағы 6 мың адамды жұмыстан шығармақ.

Осы орайда айта кететін бір жайт бар. Қазір дүниежүзілік ұйымға мүше 190 мемлекеттің тек 61-і барлық қаржылық міндеттемесін уақытылы өтеп келеді. Қазақстан алғашқы бестіктен түскен емес: белгіленген 30 күн ішінде қаржылық міндеттемесін соңғы тиынына дейін аударуды дәстүрге айналдырған.
Қалған елдер сөзбұйдаға салып, жарнаны кешіктіргенімен, түбі төлеуге мүдделі. Себебі егер мемлекеттің қарызы екі жылдық қарызға тең болса, БҰҰ Бас Ассамблеясындағы дауысынан айырылады. Кейін Бас Ассамблея арнайы шешім қабылдамайынша, борышкер ел дауысын кері қайтара алмайды.
Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесіне қосыла ма?
Президент БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқарды. Демек, ұйымның ішкі-сыртқы ахуалынан хабардар. Реформаға қатысты Қазақстанның нақты концепциясын Нью-Йоркте еститініміз күмәнсіз, десе де сарапшылар негізгі идеяның шет-жағасын сезіп отыр.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Темірлан Әбуғалидің сөзінше, Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынатын өзгерістің басты діңгегі – Қауіпсіздік Кеңесі болмақ. Ондағы мүше елдердің саны ұлғаюы ықтимал және орта держава ретінде Қазақстан бұл статустан дәмелі.
– Бәрі де болашақта БҰҰ қандай реформалар қабылдайтынына байланысты болады. Бүгін сенімді түрде бір нәрсені айтып кетуге болады: Қазақстан – халықаралық қоғамдастықта дипломатиялық көпір құрып отырған бейбітсүйгіш мемлекет. Біз ұйымның көпжақты дипломатия сияқты негізгі құндылықтарын дәйекті түрде қолдаймыз, сондай-ақ әртүрлі өңірлер арасында байланыстырушы буын бола отырып, орта және дамушы державалардың рөлін күшейтуге ұмтыламыз.
2017–2018 жылдары Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстан халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға сындарлы үлес қоса алатын қабілетін дәлелдеді. Осы тұрғыдан алғанда, елімізді Қауіпсіздік Кеңесіндегі жаңа мүшелік форматтарға үміткерлер қатарында қарастыру қисынды болар еді, – дейді спикер.

Президент бұған дейін Қауіпсіздік Кеңесіне Қазақстан секілді елдер қосылуы керек деген пікірді бүкпесіз айтты. Сондықтан расымен, аталған идеяны қайта естуіміз ғажеп емес.
Ал Қауіпсіздік Кеңесі дегеніміз не, ол қаншалықты маңызды? Бұл - құр шеңбер емес, саяси салмағы бар орта. Кеңеске мүше елдер бейбітшілікке қауіп төндіретін мемлекеттерге мәжбүрлеп айтқанын жасатуға хақысы бар. БҰҰ Жарғысының 25-бабына сәйкес, «ұйым мүшелері Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдеріне бағынуға және оларды орындауға келісуге» міндетті. Яғни, Қазақстан қатарға кірсе, ұйымның ішкі шешімдері мен сыртқы саясаттағы арағайындыққа әсер етеді деген сөз.
– Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшейетініне, анық естілетініне кәміл сенемін. Байқауымызша, Қауіпсіздік Кеңесі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Сондықтан бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда маңызды рөл атқара алуы үшін оның құрамында басқа елдер, соның ішінде Қазақстан да болуы керек. Біздің өңірде Ұйымға мүше мемлекеттердің ықпалдастығының жандануы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құрлықтағы делдалдық пен бітімгершілікке үлес қосуға қабілетті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруда оң ықпал етті, – деді Мемлекет басшысы.
Ядролық қару мен Таяу Шығыс тағдыры
Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында 2045 жылға қарай ядролық қарудан толық бас тартудың стратегиялық жоспарын назарға алған болатын. Темірлан Әбуғалидің пікірінше, реформаның келесі бағыты осы тақырыпқа арналады.
– Мұндай мақсат қою – символдық қана емес, ядролық державаларға моральдық тежеу мен саяси қысым көрсетудің стратегиялық тетігі. Ядролық емес мемлекеттердің рөлін ешқашан кемітуге болмайды, өйткені олар жаһандық күн тәртібін қалыптастырып, ядролық болашаққа қарсы коалицияны біріктіреді. Олардың белсенді күш-жігерінсіз әлемдік антиядролық консенсусқа қол жеткізу мүмкін емес.
Мұнда мәселенің орындалу мүмкіндігінен гөрі оның моральдық-саяси құндылығы туралы айту маңызды. Әлемдегі төртінші ең ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан және таратпау мен қарусыздану идеяларын дәйекті түрде ілгерілетіп келе жатқан Қазақстан ядросыз болашаққа ұмтылуын жалғастыруы тиіс, – деді сарапшы.

Бізге өңірлік азық-түлік жеткізушіге айналу үшін Таяу Шығыстың тыныш болғаны маңызды. Еліміз әлемдегі ең ірі бидай мен ұн экспорттаушыларының қатарына кіреді. Түркия, Қытай, Иран және Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің әріптестік кеңесінің нарығында орын алып жатырмыз. 2028 жылға қарай ішкі нарықты негізгі азық-түлік өнімдерімен толық қамтитын жоспарымыз бар, демек экспорт үлесі артатын уақыт алда. Бұл орайда логистикалық балама бағыт пен азық-түлік нарығының жай-күйі Таяу Шығысқа байлаулы болмақ.
– Қазақстан экономикалық тұрғыдан өңірлерді байланыстыратын маңызды транзиттік ел екені түсінікті. Мысалы, Орта дәліз жыл сайын азық-түлік экспорттау арнасы ретінде күшеюде. Биыл жалпы тасымал көлемі 4 млн тоннаға жетеді деп отырмыз, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артық.
Азық-түлік әлеуеті мен транзиттік бағыттарды дамыта алсақ, өңірлік азық-түлік жеткізу орталығына айналу мүмкіндігі бар. Шын мәнінде, қазірдің өзінде бұл міндетті Орталық Азия мен Ауғанстан елдері үшін атқарып отырмыз, – деп атап өтті Темірлан Әбуғали.
Қазақстан Таяу Шығыс дағдарысын шешуде маңызды рөлге ие. Әсіресе, әлем елдерін Ауғанстанға гуманитарлық-экономикалық көмек көрсетуге ұдайы шақырып келеді. БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы құрылғалы аталған бастама жаңа деңгейге өткенін көрдік. Еліміз ұсынатын реформалық идеялардың ішінде орталықты тиімді пайдалану арқылы Таяу Шығыстағы мәселелерді шешу бастамасы болатын сыңайлы.
Мемлекет басшысы бірнеше апта бұрын ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінде де орталық әлеуетін пайдалануды ұсынды.
– Тамыз айының басында Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының қатысуымен Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталық ресми түрде ашылды. ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттерге барлық басым бағытта белсенді аймақтық байланыс орнату және күш-жігерді үйлестіру үшін аталған Орталықтың әлеуетін бірлесе пайдалануды ұсынамыз, – деді Президент.
Әлемде 120 қақтығыс ошағы бар
Климат өзгерісіне қатысты да алаң көп. Мұның зардабын Қазақстан қазірден тартып отыр. Президент екі жыл бұрынғы БҰҰ жиынында көптеген жоба жүзеге асатынын айтып, келер жылы елде өтетін Аймақтық климаттық саммитіне арқа сүйеген еді.
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Темірлан Әбуғали іргелі ұйымда климат мәселесінің көтерілуі Орталық Азиядағы ахуалға айтарлықтай әсер етеді деп санайды. Әсіресе басты сын-қатер – ауыл шаруашылығы мен энергетиканың дамуына кедергі болатын су ресурстарын басқарудың шешімі шығуы мүмкін.

– Климаттың өзгеруі шығындардың өсуіне, көші-қон ағындарының күшеюіне және азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қатерлерге әкеледі. Келер жылы жоспарланған Өңірлік климаттық саммиті тек климаттың өзгеруін емес, сонымен қатар Қазақстан мен өңір үшін өзекті экологиялық мәселелерді де енгізуге жол ашады.
Саммиттің мақсаты – «жасыл» экономикаға инвестицияларды арттыру және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері бойынша БҰҰ-мен ынтымақтастықты нығайту. Орталық Азия елдері үшін басымдықтардың бірі – Еуропалық одақпен «жасыл дәліз» жобасы бойынша өзара іс-қимылды дамыту болмақ, – деп түйіндеді сарапшы.
Қазақстан ұсынатын соңғы ұсыныстың қатарына вандализм, дінаралық және конфессияаралық қайшылықтарды қосуға болатындай. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның 78-сессиясында «қару-жараққа тыйым салумен немесе декларацияға қол қоюмен ғана бейбітшілік орнамайды» деп ашып айтқаны есте. Қыркүйектегі басқосуда аталған тақырып қайта көтерілетініне күмән жоқ, себебі бұл олқылықтар қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін келеңсіздік санатында.
– Исламға және басқа да діндерге қатысты жасалған мұндай тағылық әрекеттерден еркіндіктің, сөз бостандығының және демократияның нышаны білінбейді. Құран секілді қасиетті кітаптардың бәрі вандализмнен құқықтық тұрғыда қорғалуға тиіс. Түптеп келгенде, бейбітшілік мәдениеті тек «бірлігіміз – әралуандығымызда» және өзара құрмет қағидаттарына негізделе алады, – деді Мемлекет басшысы.
Ұйымның дағдарыс кезеңінде екенін мойындау бір бөлек, реформалауға әрекет жасау тым басқа. Бұған дейін алғашқы қадам жасалды – БҰҰ Бас хатшысы да, сала сарапшылары да негізгі түйткілді тізіп шыққан. Енді шешімге аяқ басу қалды.
Қазір 80 жылдық дөңгелеңген датаға орай «БҰҰ-80» бастамасы қолға алынып жатыр. Бастама ұйымның әскери қақтығыстардан бастап көші-қонға, климаттық апаттар мен технологиялық өзгерістерге дейін жауап беру қабілетін күшейтуді көздейді. Бюджетті қысқарту, саяси қайшылықтар мен сыртқы қысымдармен күресу де жоспарда бар.
Жалпы «БҰҰ-80» бастамасы үш негізгі бағытқа негізделген:
· Ішкі тиімділікті арттыру, соның ішінде бюрократияны қысқарту;
· Мандаттарды қайта қарау, қажетсіз және ескіргендерін алып тастау;
· Құрылымдық өзгерістер, БҰҰ жүйесінің архитектурасын талдау және қажет болса өзгерістер енгізу.

P.S. Әрине, Президент айтқандай, БҰҰ ғаламдық қақтығыстарды шешуге қауқарсыз. Алайда қазіргі жағдайда ұйымға еш балама жоқ әрі жаңа альянсқа бірігу екі есе қауіпті. Әлемде Газа, Украинадан бөлек 120 қақтығыс ошағы қайнаған шақта бар ұйымның абыройын қалыпқа келтіруден өзге жол қалмай отыр. Ал Қазақстан үшін Мемлекет басшысы ұсынатын шешімдер мен оның ел болашағымен байланысы маңызды.