БҰҰ сарапшыларының пікірінше, жер шарының 3-тен бір бөлігі шөлейтті аумақ болып есептеледі

АЛМАТЫ. Мамырдың 17-сі. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - БҰҰ сарапшыларының пікірінше, жер шарының 3-тен бір бөлігі шөлейтті аумақ болып есептеледі.
None
None

Жерлердің тозуы, құрғақшылығы 100-ден аса елдің 2 миллиардтай тұрғынына кеселін тигізіп жатқандығы әлемдік деңгейдегі мәселе болып отыр. Бұл жайында бүгін Қазақстандағы БҰҰ даму бағдарламасының қоғаммен байланыс және ақпарат сарапшысы Бағлан Құлымбаева мәлім етті.

Оның айтуынша, Ғаламдық экологиялық қордың, БҰҰ даму бағдарламасының, ҚР Үкіметінің және Техникалық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының қолдауымен еліміздегі ауылдық тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту және экологиялық тұтастықты сақтау мақсатында жайылым жерлерді тұрақты басқару жобасы жүзеге асырылуда.

«Ғаламдық ылғалдылық, аумақтың көлемі, жергілікті қауымдастықтың мүмкіндігі сияқты өлшемдерді ескере отырып Алматы облысы Жамбыл ауданын жобаның аумағы ретінде таңдап алдық. Өйткені бұл ауданда ауыл шаруашылығы экономикалық қызметтің негізгі түрі, ал мал шаруашылығы оның ажырамас құрамы болып саналады», дейді Бағлан Құлымбаева.

Сондай-ақ олар атаулы күнге орай Жамбыл ауданының Айдарлы, Үлгілі, Шиен және Мәтібұлақ ауылдарының оқушылары арасында «Жасыл Жер» сурет конкурсын өткізген. Конкурстың нәтижесінде оқушылар бүгін Алматы қаласындағы хайуанаттар бағында саяхаттап, түрлі сыйлықтармен марапатталды.

Дүниежүзілік шөлейттену мен қуаңшылыққа қарсы күрес күні БҰҰ-ның 1994 жылғы маусымның 17-дегі Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясының қабылдануына байланысты аталып келеді. Қуаңшылық шөлейттенуге ұрындыруы мүмкін, сонымен қатар адамдардың егістік жерлерді шектен тыс өңдеуі, малды бей-берекетсіз жая беруі, ормандарды кесіп құртуы мен нәтижесіз суландыруының арты да осы зардапқа әкелері шындық.

Соңғы жаңалықтар