БҰҰ: Солтүстік Кореяда шетелдік сериал көргендер өлім жазасына кесіледі
АСТАНА. KAZINFORM — Солтүстік Кореядағы адам құқықтары жағдайы соңғы он жылда тым нашарлағаны белгілі болып отыр. Бұл туралы БҰҰ баяндамасында айтылды.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасы жұма күні жариялаған жаңа баяндамасында Солтүстік Кореядағы (КХДР) адам құқықтарының жағдайы соңғы онжылдықта жақсармағанын, керісінше, көптеген бағыттарда нашарлап кеткенін атап өткен. БҰҰ мәліметінше, азап шеккен халықтың жағдайы күрделене түскен.
Оқшаулау мен азаматтарды бақылау
Корей Халық Демократиялық Республикасының билігі азаматтарды толық бақылауда ұстау үшін жаңа заңдар қабылдап, қатаң саясат жүргізіп отыр.
— Әлемде бірде-бір халыққа мұндай шектеулер қойылған емес, — делінген баяндамада.
Баяндамада бұрын елден қашып кеткен адамның сөзі келтірілген:
— Бұл — тіпті наразылық пен шағымның болмашы белгілерін жоюға бағытталған бақылау түрі болды.
2025 жылы Солтүстік Корея тарихта ең жабық елге айналды. Баяндама КХДР-дің өзін-өзі оқшаулауы, адам құқығының қыспаққа алынуы сондай-ақ Корей түбегіндегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнген қауіп арасында тығыз байланыс барын көрсетеді.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк бұл баяндаманы «КХДР-дегі жоғалған онжылдық» деп атады:
— Ашығын айту қиын, бірақ егер ел қазіргі бағытын жалғастыра берсе, онда халықты әрі қарай да азап, репрессия және үрей күтіп тұр, — деді ол.
Саяси тұтқындар лагерлері мен үгіт-насихат
-
КХДР аумағында саяси тұтқындарға арналған лагерлер әлі де жұмыс істеп тұр.
-
Жүздеген мың із-түссіз жоғалғандар, оның ішінде Оңтүстік Корея, Жапония және басқа елдерден ұрланған шетел азаматтарының тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр.
-
Мемлекеттік үгіт-насихат еш тоқтаған жоқ, халық үздіксіз идеологиялық қысымға ұшырайды.
-
Елде жеткілікті тамақтану мәселесі шешілмей тұр, ал кейбір мемлекеттік шаралар ашаршылықты одан әрі ушықтырып отыр.
Өлім жазасы мен мәжбүрлі еңбек
-
Солтүстік Кореяда өлім жазасы кеңінен қолданылады, оның ішінде сыртқы ақпарат құралдарының материалдарын тарату сияқты әрекеттер үшін де ең ауыр жаза көзделген.
-
Бақылау және тыңшылық технологиялардың дамуымен бұрынғыдан да күшейе түскен.
-
Баяндамада мәжбүрлі еңбек туралы да айтылады. Әсіресе, тау-кен өнеркәсібі мен құрылыс саласына тартылған «соққы бригадалары» арқылы жұмыс істейтіндердің саны артқан. Бұл бригадалар көбіне кедей отбасылардан шыққан адамдардан құралады.
-
Жетімдер мен қараусыз қалған балалардың мыңдағаны көмір шахталарында және басқа да қауіпті нысандарда жұмыс істеуге мәжбүр болған.
Жағымды өзгерістер
-
Елден қашып шыққандардың кейбірі қамаудағы жағдайдың сәл жақсарғанын хабарлаған. Мысалы, күзетшілер тарапынан зорлық-зомбылықтың азайғаны және заң орындары қызметкерлерінің адам құқығына байланысты стандарттармен көбірек танысқаны айтылады.
-
Әділ сот төрелігін қамтамасыз ету және қамаудағы адамдарды азаптаудан қорғау бойынша бірнеше жаңа заңдар қабылданған.
-
КХДР кейбір халықаралық адам құқықтары келісімдеріне қосылып, БҰҰ органдарына есеп беруді жүзеге асырған. Бірақ ресми міндеттемелер мен нақты жағдай арасындағы алшақтық өте үлкен.
Ұсыныстар
-
КХДР азаматтарын өз еліне қайтаруға болмайды — бұл халықаралық құқық нормасы. Басқа мемлекеттер бұл принципті ұстануы тиіс.
-
Халыққа қарсы санкциялардың адам құқықтарына кері әсерін азайту қажет.
-
Баяндамада Солтүстік Корея үкіметіне мынадай ұсыныстар беріледі:
-
Саяси тұтқындар лагерлерін жою
-
Өлім жазасын тоқтату
-
Азаптау мен қатыгез қарым-қатынасты жою
-
Адам құқықтары туралы ақпаратты халыққа тарату
-
— Бұл қадамдар халыққа еркіндікке, теңдікке және құқықтарға толы болашақтың мүмкін екенін көрсетеді. Жүздеген сұхбаттардан әсіресе жастар арасында өзгерістерге деген ашық және терең ұмтылыстың бар екенін көруге болады, — деді Фолькер Тюрк.
Еске сала кетейік, бұған дейін Солтүстік Корея Қытай маңында құпия база салғанын жазған едік.